
Элистадағы «Ұлы дала дастаны»
Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жыл сайынғыкорпоративтік шара – Қауіпсіздік күнін он үш жылдан бері Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларында өткізуді дәстүрге айналдырды. Оқу дағдысы мен тимбилдингті қатар үйлестіретін шара бұған дейін Алматыдағы Медеу шатқалында, Новороссийск мен Астраханда өткен еді. Кәсіби шеберлік, көшбасшылық пен тиімділіктің мерекесі мұнай тасымалдау «жолымен» өтіп келеді. Биыл тұңғыш рет Қалмақ Республикасының астанасы Элиста қаласында ұйымдастырылды. 2025 жылғы ойындар ұлттық рухты дәріптеген «Ұлы дала дастаны» атауымен өтті.

КҚК-ның ХІІІ Қауіпсіздік күні қарсаңында компания басшылары мен акционерлері, мамандары мен мердігерлердің өкілдері қатысқан Қауіпсіз өндірісмәдениетін дамытудағы көшбасшылық саммиті өтті. Консорциумның бас директоры Николай Горбань атап өткендей, бірнеше жылдан бері мұнда жарақаттанудың нөлдік көрсеткіші сақталып отыр. Оған Консорциумның еңбек қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Стратегиялық жоспарды дәйекті әрі тиімді іске асырып келе жатқаны сеп болып отыр. Осы жоспардың негізінде көшбасшылық тәжірибе сенімді енгізіліп, бұл бағытта сала жұмысы жүйелі түрде жалғаса береді.

20 тамыз күні «Ұлы дала дастаны» тақырыбыменөткен Қауіпсіздік күніне Ресей мен Қазақстаннан барлығы 650 қатысушы мен қонақ жиналды. Олар практикалық дағды-машықтарды іс жүзіне асырудың тиімділіктерін пысықтауды көздеді. Ойын үшін EcoPark орталығының аумағы таңдалуы да бекер емес. Өйткені, ол Консорциум шарттарының біріне дөп келді. Мақсат – шара өтетін өңір мен оның тұрғындарына құрмет ретінде жергілікті ерекшелік пен халықтың мәдениеті басты ұстаным еді.
Салтанатты ашылу рәсімінде КҚК бас директоры Николай Горбань мен Қалмақ Республикасы Үкіметінің төрайымы Гиляна Босхомджиева шара қонақтары мен қатысушыларын құттықтады.

– Сіздерге барлық жақсылық пен күндеріңіздің көңілді болуын тілеймін. Қауіпсіз өндіріс мәдениетінің көшбасшылары мен жетекшілері болғандықтан сіздер жыл сайын ұжымды ең жоғары сапамен көрсетіп келесіздер. Біз жыл сайын бас қосып, қауіпсіздік қағидаттарына адалдығымызды дәлелдеп келеміз. Биылғы жарыстың калмақ даласында өтуі де тегін емес. Бұл – мұнай тасымалдау құбырының қақ ортасы. Ал шексіз дала мен шалқар теңіз – екеуін де кең көкжиек байланыстыратыны сөзсіз, — деп атап көрсеттіН.Горбань.
Қалмақстан Үкіметінің басшысы Г.Босхомджиева өз сөзінде биыл елдің ұлттық дастаны – «Жангар» жырының шыққанына 585 жыл толғанын айтып, консорциум ұжымына қалмақ халқы мен оның тарихына құрметі үшін алғысын білдірді.

– КҚК бүгінде қауіпсіз өндірістің дұрыс идеологиясын, әлеуметтік бизнестің жауапкершілігін жүргізуші көшбасшылардың біріне айналды. Қуаныштысы сол, біз де Консорциуммен бірге өз кәсіпкерлерімізге қауіпсіз өндіріс мәдениетін белсенді түрде үйретіп келеміз, — деді ол.
Шара қонақтары мен қатысушыларына қуаныш сыйлаған концерттік бағдарламада қалмақтың ұлттық реңкі баса көрсетілді. Концертте жыл сайынғы «КҚК – талантты балаларға» атты дәстүрлі балалар байқауының қатысушылары өнерімен ерекше көзге түсті.
Консорциумның өңірлік құрылымдары мен мердігерлерден құрылған 28 команда 8 алаңқайда өзара сайысқа түсті. Барлық тапсырманы ойын түрінде жасақтаған ұйымдастырушылар қатысушылардан жоғары шеберлікті ғана емес, жақсы дайындық пен шапшаңдық, ең бастысы – жеңіске деген құлшыныс көрсетуді талап етті. Әр сайыстың стилистикасы мен өту нұсқасы көшпенді халықтардың дәстүр-салтымен үндесті. «Ата-баба елі», «Шаралдай жорығы», «Керуенсарай», «Шулмус қуғындалуы», «Нойон сұрапылы», «Бесінші элемент», «Герел тартуы», «Хонгор жолы» секілді әр алаңқайдың атауы да ұлттық дәстүрденхабар беріп тұрғандай.

Әрбір ойын алаңы «Жангар» дастанындағы атақты Бумба елінің бейнесін суреттеп тұрды. Ал командалар бір сәт шағын мемлекет – «қағанаттарға» айналып, бір-бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қауіп-қатердіңкөптігіне қарамастан еңселі ағаш қақпалардан аман-сау өткен қатысушылар өткен ғасырларға «қайта оралып» жатты. Жарыстың мақсаты да сол еді, барлықкезеңнен денсаулыққа зиян келтірмей, басқаша айтқанда, қауіпсіздік техникасын сақтай отырып өту.
«Герел тартуы» алаңында табиғатқа аялы көзқарас пен қоршаған ортаны қорғау да қатысушылардың қаперіне берілді.
– Үлкен іс судың тамшысы, бір шөкім ұн немесе жылт еткен ұшқын тәрізді елеусіз ғана көріністен басталады. Сондықтан алдымызда бүгінгі де, ертеңгі де міндет – ұрпақ үшін табиғат берген жаратылыстың бәрін сақтап-қорғау. Тапсырма – су алып, оны ішуге жарамды ету, ал бидайды диірменнен өткізіп ұн дайындау, — деп түсіндірді ұйымдастырушылар.
Сөйтіп, су мен ұннан нан мен шелпекдайындалады, бірақ ойындар қалмақ жерінде өтіп жатқандықтан, олар қазақтың бауырсағына ұқсас қалмақ боорцгы түрінде болуы тиіс. Бірақ оны ешкім дайындап әуреге түскен жоқ. Өйткені, іргедегі киіз үйлерде боорцг пісіп, қалмақтың джомбо шәйі дайын тұр еді. Қазақы шәйдан өзгешелігі, джомбоға ыстықта ашқылтым дәм беру үшін аздап тұз қосылып, сүтпен демделеді. Ал аязда мұның кәдімгідей қоректік құнары бар екен. Қатысушылар қалмақ домбырасының әуенімен ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

Жарыс «Хонгор жолы» алаңында қызықты әрі тартысты өтті. Бұл – «Жанғар» ұлттық эпосының басты кейіпкерлерінің бірі екен. Құдіреті сол, оның бойында сан түрлі адами қасиет болыпты, ат үстінде ұршықша үйірілген ол садақ атып, найза да лақтыра білген. Жарысқа қатысушыларға қойылған талап та шараны өте көңілді, тартысты және жігерлі, ынтымақ-бірлікпен жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу еді. Барлық алаңда да солай.
Шаралдай жорығы кезінде ойыншыларға киіз үйді тез жинап, қайта құруға тура келді. Ал «Бесінші элементте» командалар қалмақ даласы жауынгерлерінің елсіз далада жылан мен түрлі жәндіктер шаққанда қалай құтылғаны, құмды дауылмен аптап ыстықтан қорғанғаны, жылқыдан қалай құламай аман қалғаны мен аңшылар құрған тұзақтан қашып шығуы бейнеленген пазлдарды небары бес минут ішінде жинап, арнайы тақтайшаларда көрсетуі тиіс. Осы iс-шаралар шеңберiнде алынған құнды тәжiрибе, сөзсiз, күнделікті өмірде қажет болады.
Шара барысында «Каспий Құбыр Консорциумы-Қазақстан» АҚ «Құрманғазы» мұнай айдау станциясының бастығы Сержан Қабылдин «Ұлы дала эпосы» ойындарының жоғары деңгейде өткенін, қауіпсіздік техникасының барлық сәттері көзделгенін атап өтті.

– Бұл – жай ғана ойын емес. Мұнда әрбір қауіпті әрекеттің салдары бағаланады. Қызметкерлер жасырын қатерлерді тануды, шығармашылықпен қауіпсіз шешім табуды үйренеді, — деді ол.
– Мен мұндай ауқымды іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын және бұл жай ғана ойын емес, мұндай шаралар командалық рухты нығайтады, әсіресе қауіпсіздік саласында өте қажет. Мұндай жарыстарда қауіпті әрекеттердің салдары бағаланады.Қызметкерлер елеусіз және тікелей қауіп төндірмейтін қатерлерді анықтауға үйренеді. Ең маңыздысы – командалар кәсіпорынның ерекшеліктеріне сай шешімдерін әзірлеуден сайысқа түсіп, креативті тәсілдерді іздеп жатыр, — деп атап өтті Сержан Мақсотұлы.
Консорциумда 25 жылдан астам уақыт бойы кадр және әлеуметтік қамсыздандыру қызметіне жетекшілік ететін Гүлзада Қапақованы мұндай шаралар әрқашан ерекше әсерлендіреді.
– Қалмақ жеріндегі «Ұлы дала эпосы» ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл біздің табиғатымызға өте жақын, бәрі де ыстық көрінеді. Тіпті қалмақтың боорцгы да бадана бауырсақты еске түсіреді. ХІІІ Қауiпсiздiк күнiне қатысушы команда көп, соған қарамастан, барлығы үйлесiмдi өтіп жатыр.Өйткенi барлығын КТК компаниясындағы достық пен бiрлiк сезiмi жақындастырып тұр, — дейді Г.Қапақова.
Жарыс қорытындысы бойынша КҚК бөлімшелерінің арасында Батыс өңір командасыбірінші орынға ие болды. Екінші орында – Орталық өңір, үшінші орын Теңіз терминалының өкілдеріне бұйырды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасы теория мен тәжірибеде үздік нәтиже көрсеткен командаларды жариялады. Консорциум бөлімшелері арасында Батыс өңірінің құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Орталық өңірдің командасына бұйырса, теңіз терминалының өкілдері қола жүлдегер болды.
Мердігерлер арасында «Магистральды су құбыры» компаниясының командасы үздік деп танылса, «ПромХимСфера» ЖШҚ құрамасы екінші орын алды.Ал ІІІ орынды KZF Service, «МастерСервис» және «Квантор» АҚ командалары бөлісті. Қауіпсіздік күніне қатысушылардың бәріне дәстүрлі түрде естелік жүлделер мен арнайы сыйлықтар тапсырылды.
«Ұлы дала дастаны» атауымен өткен биылғы мереке дала рухы мен көшпенділер дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, қауіпсіздік – өмір салты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қуат ҚОСЫМБАЕВ