Экс-министр Елжан Біртанов Facebook-ке оралды
Бүгін Елжан Біртанов 50 жасқа толды. Экс-шенеунікті әлеуметтік желіде жүздеген адам туған күнімен құттықтап жатыр. Соның ішінде белгілі блогерлер, сарапшылар мен журналистер бар. Журналистердің экс-шендіге деген ықыласының ерекше болуы түсінікті. Өйткені Біртанов ең ашық министрлердің бірі болды. Ол журналистер алдында ешқашан жауаптан жалтарған емес.
Біртанов соңғы постын былтыр 6 шілдеде жариялаған болатын.
Еске салайық, 14 қыркүйекте күдікті Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімі екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзартылды.
Елжан Біртанов Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған.
2020 жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
2020 жылдың 7 қарашасында төрт айға үйқамаққа алынды;
2021 жылдың 12 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты;
2021 жылдың 6 мамырында сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды;
2021 жылдың 9 маусымында Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды;
2021 жылдың 14 шілдесінде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты;
2021 жылдың 14 қыркүйегінде экс-министрдің үйқамақ мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды.