Дәрігер көмегінің құны қанша?

strahovanie Жаңалықтар

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Карантин кезінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыстары қалай жүргізіледі? Басты байлық – адам денсаулығының күзетінде дәрігерлерге қандай қолдаулар көрсетіледі? Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК айтып берді.

– Бұл індетпен барлық әлем күресуде, – деді ол. – Қауіпті кесел елімізді де айналып өтпеді. Бүгінде облыста 59 адам инфекция жұқтырды. Олар өңірде облыстық №2 ауруханада емделуде. Облыстық аурухана мен облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде провизорлық және карантиндік жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, аудандық ауруханаларда карантиндік және провизорлық қызметтер атқарылуда. Қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан Атырау облысына коронавирус инфекциясымен күрес жүргізетін медицина ұйымының қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстеме ретінде төленуге 959 млн. 997 мың теңге бөлінді. Оның ішінде 667 млн. 796 мың теңге коронавирустың таралуының алдын алу және онымен ауырғандарды емдеуге, ал 232 млн. 50 мың теңге COVID-19 дертімен күрес жүргізетін медицина ұйымының қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстемеақы ретінде төлеуге бөлінді.

Сондай-ақ, 60 млн. 150 мың теңгесі вирусты анықтау үшін диагностикалық зерттеуге қаралды. Биыл 9 сәуірден бастап қордың Атырау облысы бойынша филиалымен медицина ұйымдарына алдын ала төлем жүргізу үшін 268 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті кесте бойынша жүргізіледі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Тұрғындар өздерін мазалайтын сұрақтары бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына – 1406 нөміріне немесе Qoldau 24/7 мобилді қосымшасы арқылы байланысуға болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз