Атыраудан «темір адам» табылды! (+ФОТО)
Atr.kz/8 қазан, 2020 жыл. Осыдан бес ай бұрын Атыраудың Қызылқоға ауданындағы Миялы топырағынан елімізде тұңғыш рет «темір адамның» толық сүйегі табылды. Бұл – археологиялық қазба байлықтарын толықтыра түскен жауһар жәдігер. Оны экспедиция жетекшілері мен мамандары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына әкеліп қойған болатын. Ал, бүгін енді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовке таныстырды.
Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен Миялыдағы үш қорым бойынша археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қолға алынған боалтын. Бұрын-соңды еш жерден табылмаған темір сауытты адам сүйегінің қанша уақыт өтсе де, сапасы сол күйінде сақталғаны мүйізі қарағайдай ғалымдарды қайран қалдырып отыр. Солардың бірі де бірегейі, белгілі қазақстандық ғалым, суретші-қалпына келтіруші, Мәдениет қайраткері Қырым Алтынбеков те таңданысын жасыра алмады.
– Осыған дейін қаншама қазба жұмыстары жүргізілді, тіпті, «алтын адамға» дейін табылды. Бірақ, «темір адам» алғаш рет. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сондықтан, облыс әкіміне жәдігерді жіті таныстырып, оның құндылығын ұғындырып, алдағы уақытта қалай зерттеп, сақтауға болатынын ақылдасып жатырмыз. Тарихқа шегінсек, ертеде адамдар темір сауыт киген және өмірден өткенде киімімен бірге жерлеген. Тіпті, өмірде қолданған бағалы бұйымдары мен жануарларына дейін қорым ішіне қойылған. Бұл жерде тек адам сүйегі ғана емес, оның айналасынан табылған әлі де терең талдауды талап ететін неше түрлі дүниелер бар. Міне, соның барлығын барлап білу үшін қанша жыл керек, ол жағы белгісіз. Ең бастысы, «қолда бар алтынымыздың» қадірін қашырып алмауымыз қажет, — дейді ол.
Расымен де, ғалымның айтуынша, көп жағдайда осындай құнды жәдігерлер көп тасымалданып, сапасын жоғалтады, болмаса, қолды болып кетеді. Бұл мәселені алдын ала шешу үшін әр жәдігердің бірнеше көшірмесін жасап, соны анда-мында алып жүруге болады. Ал, түпнұсқасы музейде сақталуы керек деп санайды ғалым. Өйтпеген жағдайда, өткенімізді өшіріп алуымыз әбден мүмкін.
Өз кезегінде аймақ басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы ғалымдардың ұсыныстарымен мұқият танысып, алдағы міндеттерді де айқындап қойды. Ендігі мәселе – табылған құндылықтарды жергілікті жерде қалдыру. Яғни, ешқайда апармай, шашасын шығармай, осы жерден зерттеп-зерделеген жөн. Осыған жағдай жасалса болғаны. Мұны енді алдағы уақыт көрсетпек.
Ал, Қырым Қасенханұлымен болған сұхбатымызды алдағы шығарылымдардан оқи аласыздар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген Манарбек МАЙШАГИРОВ