Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

ЭКОНОМИКАНЫҢ БІР ДРАЙВЕРІ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЛУҒА ТИІС

Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауының жөні бөлек. Өйткені, енді біз «Жаңа Қазақстанды» құруға жұмыла жұмыстанатын боламыз. Соған сәйкес, мемлекет тарапынан қойылатын талап та міндет те бұрынғыдан өзгерек. Ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар да толықтай жаңармақ.

Атырау – «қара алтынымен» қоса, балығымен де танымал өңір. Сондықтан, аймақта балық шаруашылығын дамыту мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жаңалық – еліміз бойынша балық өсіру көлемінің 13,1 мың тоннадан 22,7 мың тоннаға дейін ұлғайтылуы. Сондай-ақ, балықты қайта өңдеу жөніндегі қызметке салық салудың жеңілдетілген шаралары енгізіледі.

Өткен жылдың сәуірінде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Онда өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Бүгінгі таңда республика бойынша балық өсірумен 300-ге жуық шаруашылық айналысады және 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 40% — ға артты.

Бұдан басқа, балық өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба іске асырылды. 280-ге жуық жұмыс орны құрылып, 3 млрд.теңгеге жуық жеке инвестициялар тартылған. Атап айтсақ, биыл Балық шаруашылығы комитеті балық өсіру көлемін 13,1 мың тоннадан 22,7 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Үкіметтің 2023 жылға арналған «Акваөсіру туралы» Заң жобасын әзірлеуді жоспарлауда. Сондай-ақ, биыл балықты қайта өңдеу жөніндегі қызметке салық салудың жеңілдетілген шаралары қабылданатын болады.

Ал, өңірдегі жұмыстарға тоқталсам, былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша кәсіптік балық аулауға барлығы – 18 балық шаруашылығы кәсіпорындары жұмылдырылды. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыты. Онда 614 адам тұрақты және 2634 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Осылайша, аталған бассейін бойынша 15052 тонна балық ауланып отыр. Атап айтқанда, көктемгі маусымда – 8992 тонна және күзде – 6060 тонна. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда – 3472 тоннаға артық.

Сол сияқты, 9019 тонна балық пен оның өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Өзбекестан және Румыния елдеріне экспортталды. Ал, 5539 тоннасы Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Орал қалаларына сатылды. Бірақ, экспортталған балық көлемі 2020 жылымен салыстырғанда 1672 тоннаға кем. Себебі, сұранысқа сәйкес балық пен оның өнімдерін Қазақстанның қалаларына сату көлемі артты.

Қазір балықты аулаумен бірге, оны өсіруге де зор көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, былтыр «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру» мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауыттары Жайық өзенінен 304 (92 аналық) бекіре балығын аулады. Аталған зауыттар Жайыққа 7 869,0 мыңнан астам бекіре тұқымдас балық шабағын өсімге жіберді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 113,394 данаға артық. Бұдан бөлек, «Caspian Royal Fish» ЖШС мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жайық өзеніне 1 109,0 мың бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберді.

Артур СӘДІБЕКҰЛЫ,

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button