Атыраудағы атышулы іске нүкте қойылды ма? (+ВИДЕО)
Атырау қалалық №2 сотта бұрынғы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі жалғасын тапты.
Адвокат Нұрлан Жолболов Б.Хаменоваға сұрақтар қойды. Алдымен ол кінәлаушы емес, тек ақиқатты анықтаушы екенін еске салды. Ол сотталушыдан ақша әкеліп тұрған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевпен неге сыбырласып сөйлегенін сұрады. Сотталушы А.Рысқалиев сыбырлап сөйлеген соң, солай жауап бергенін айтты. Ал, оның ақшаны қандай оймен әкеліп тұрғанын білмеген болып шықты. Айтуынша, бұл ақшаны ол демеушіден келген деп ойлаған. Сот барысын «АТпресс» сайтының әлеуметтік парақшасына жарияланған бейнежазбадан көруге болады.
– Рысқалиев мені бұл іске тек жауапкершіліктен жалтару немесе өз ісіне жазаны жеңілдету үшін тартып отыр. Мен әрқашан сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне қарсы болдым. Рысқалиев қағазға 4 500 000 теңге деп жазып бергенде, мен мұны түсінген жоқпын. «Мен түсінбедім» деп жауап жаздым. Ол: «Алтын Орданың» ақшасы» деп жауап берді. Мен оны демеушіліктің ақшасы болар деп түсіндім. Егер ол заңсыз сыйақы немесе Адамовтың ақшасы деп айтқанда, бұл заңсыз әрекетті жасауға жол бермейтін едім. Мұны демеушілік ақша деп ойлап, Жәнібек Аманиязовқа 2 500 000 теңге беруді өтіндім. Оны «Алтын Орда» іс-шарасын ұйымдастырғаны үшін Сарайшық ауылының әкіміне тапсыруы тиіс еді. Ал қалған 2 000 000 теңгені Рысқалиевке өзіңе қалдыр дедім. Бұл ақшаны іс-шараны өткізу кезінде біз қарыз болған «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігіне беру керектігін ашып айтпадым. Жіберген қателігім осы еді, — деді Бақытгүл Хаменова.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталып отыр. Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелді. Ал «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен тергеуге алынған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ