АТЫРАУДА «НАРКОМАН» ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ (+видео)
Атыраулық полицейлер есірткілік мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Облыстық полиция департаментінен білгеніміздей, 13 тамыз күні сағат 21:03 шамасында Атырау қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде С.Бейбарыс – Молдағұлова көшесі бойында мемлекеттік тіркеу белгісі жоқ және алдыңғы екі бүйір терезесі қараңғылатылған ВАЗ автокөлігін байқап, тоқтатпақшы болған. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, тек Махамбет көшесінде кедергі келтіру арқылы тоқтатылады.
Көлік тізгінінде 33 жастағы қала тұрғыны болған. Тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені және есірткілік заттар қабылдап, рульге отырғаны белгілі болды. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі (Алкогольдік немесе есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық мас күйде көлік басқару), 590-бабы 2-бөлігі (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару) және 613-бабы 1-бөлігі (Полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау) бойынша әкімшілік хаттамалар жасақталып, көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ