Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Жеңісті жақындатуға түйелер де үлес қосқан

Әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс атымен енген қырық бірдің қырғыны арада қанша жыл өтсе де жүректерден өшкен жоқ. Орталық Еуропа, Шығыс Еуропа, Солтүстік-Шығыс Еуропада және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерін қамтыған Ұлы Отан соғысы миллиондаған отбасына қасірет әкелді.
Санаулы уақыттан соң 80 жыл толғалы отырған Жеңіс күні қарсаңында біз ерекше тарихи оқиғамен бөлісуді жөн көрдік. Жеңістің артында әрине, миллиондардың қаны жатыр. Сол жеңіске соғыс жағдайында болған Атырау облысы әскер, мұнаймен бірге, қару-жарақ, азық-түлікпен бірге, түйелерді де жөнелткен.

Бұл тарихи деректі бүгінде марқұм болған атыраулық өлкетанушы ғалым, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Өтепберген Әлімгереев айтып кетті. Осыдан біраз бұрын республикалық арналардың бірінен «Босату. Берлин үшін шайқас» фильмі көрсетілген болатын.
Бір сәт зеңбірек сүйреп келе жатқан екі түйені көрген кинокейіпкерінің бірі «Мынау қайдағы түйелер?» деп таңданады. Екіншісі «Басқұншақтан ғой» деп жай ғана жауап береді. Сонда сұрапыл соғысқа да сахараның сұлу кемелері қатысқан ба?
Осылайша, «Сол Ресейдегі Басқұншақта аталған ауылдан (қазірде қала) Берлинге дейін жеңіс жүгін сүйреп барған Мишка, Машка есімді екі түйеге ескерткіш қойылады екен» деген жаяу хабар бізге де жетті. Міне, ғажап, «Қазақтың қос өркешті жануарына да мынадай құрмет көрсетіледі екен ғой» деген риясыз риза көңіл кәдімгідей кеудемізді кернеді, — деп жазған еді марқұм Өтепберген Әлімгереев.
Ғажап емес пе? Демек, арада 80 жыл өтсе де, бізге Ұлы Жеңістің қалай жеткені жөнінде әлі де ашылмаған ақиқат сыр көп деген сөз ғой. Сонымен, әлгі түйелер Жеңісті қалай жақындата алды? Батырдың бәрі бірігіп жеңген жауға төрт түліктің бірі қалай төтеп берді?
– 1942 жылдың жазында Дон мен Кубань, Қалмақ даласын басып алған немістер екпіндеп, ендігі кезек Астрахань мен Сталинград деп ентеледі. Негізгі күш соңғы қалаға бағытталды. Міне, осы кезде Астраханда 28-қосалқы армия жасақталып, оның 902-атқыштар полкының, 248-дивизиясы, 9-корпусы жергілікті және Нева жағалауынан эвакуацияланған жастар, сондай-ақ, Каспий теңізі моряктарынан жасақталды. Бірақ, соғыс қаруы тым аз, автокөлік, басқа да техникалар жоқтың қасы. Жүк таситын аттар да жоқ. Амалсыздан артиллериялар мен зеңбіректер, соғыс құралдары, азық-түлік пен медициналық заттарды тасуға түйелерді пайдалануға тура келді. Ол үшін жергілікті тұрғындардың қорадағысы былай тұрсын, өрістегі еркін жайылған өркештілерді жинады.
Ол аздық етіп, КСРО Қорғаныс Комитетінің Бұйрығымен Қазақстаннан, соның ішінде көршілес Атырау облысынан, Қалмақ даласынан, Түркімениядан әкелінді және олар ауыр жүктер тасуға арналған белді атандар мен буралар, 5-10 жастық ірі інгендер болатын. Өкінішке орай сол түйелердің біразы бұрын ұстап-тұтылмаған асау түйелер еді. Осы олқылықтардың орнын толтыруға жергілікті малмен ісі бар қазақ жігіттерін тартты. Сөйтіп, 1942 жылдың 3 қыркүйегінде жан-жақтан жиналған 350 түйе сол Төменгі Басқұншақтан соғыс жүріп жатқан майдан даласына аттанды. Бір қарағанда бұл түп төркіні негізінен қазақ даласынан түлеген Ойсылқара тұқымына үлкен сын еді.

Иә, темір техника тұрғанда түйені ұрысқа пайдалану таңқалдырар жағдай. Оның үстіне, өмірінде түйе көрмеген еуропалық жігіттердің жануарды тізгіндегені тіпті қызық. Осы және басқа да себептермен түйелердің кейбірі аштан, шөлден де өлген. Алғашында қару-жарақ, соғыс техникасымен мұздай қаруланған жау солдаттары қаптаған қалың түйелі кеңес армиясына кезіккенде адамдармен ісі жоқ, құлағы қалақайып, зәре-құты қашқан «орыс танкілерін» (немістер түйелерді солай атаған) құрту үшін жұмыстанған екен.
Қалай болғанда да, қосарлап жеккенде үш-төрт белді ат тартатын немесе автокөліктер көтеретін 1,5-2 тонналық ауыр жүктерді қиналмай сүйреп, 5-6 күн сусыз, жолсыз даламен тарта беретін қазақы жануарлар аз уақытта кеңес жауынгерлерінің сенімді серіктеріне айнала білді. Осының өзінен-ақ біраз өнеге алуға болады.
– 1943 жылдың 3 ақпанында Сталинград қаласы жау қолынан азат етілді. Немістер қарсыласа жүріп, кейін шегінді. Дала кемелері бар астрахандық сарбаздар Ростов қаласын да жау қолынан босатты. Сальск құмын басып, Маныч өзенінен өту оңай болған жоқ. Көп жануарлар осы аймақта қалды. Түйенің жүк көлігі есебінбегі орнын бағалай білген әскербасылар оларды бұдан былай астрахандық қосалқы полк құрамы емес, басқа да әскери құрылымдарға бөліп, тарата бастады.
Осылайша, түйелер Ресей асып, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, ұзын саны үш мың шақырымдық жолды жалпақ табандарымен басып, 1945 жылдың 30 сәуіріндегі бозала таң-да Фашистік Германияның астанасы Берлинге жетті, сүйреп келе жатқан ауыр артиллериядан Рейхстагқа оқ атылды. Оның биік күмбезіне кеңестік Жеңіс туын қадауға біртабан жақындады. Міне, осындай абыройлы міндетті атқарған Басқұншақта жасақталған полк құрамындағы аға сержант Григорий Нестеров пен делбеші Кармалюк иелігіндегі Мишка және Машка есіміндегі қос өркештілер еді. Бұлардан басқа Калмыкияның Яшкул ауылынан алынған осы полктің 6-ротасынан Яшка есімді он жасар атаны да Ұлы Жеңісті Берлиннен қарсы алады, — деп жазып қалдырды Өтепберген Әлімгереев.
Айтпақшы, жақында Атырау облысына қарасты Мақат ауданында соғыс жылдарында жеңісті жақындатуға үлес қосқан түйелерге мүсін қойылды. Түйелер керуені мүсінін жасау туралы бастаманы Мақат аудаын әкімі Азамат Мәмбетов пен тарихшы-өлкетанушы Орақ Деңгелбаев көтерген. Ал мүсіннің авторы – елордалық мүсінші Ершат Жолдас
Қалай десек те, миллиондардың қанымен келген жеңістің артында үлкен тарих жатыр. Қанқұйлы соғыста жеңісті жақындатуға адамдармен бірге, үй жануарларының да үлес қосқанын біле жүргеніміз абзал.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button