Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат

–Менің атам Ұлы Отан соғысының ең қанды шайқастарына қатысты. Ол тек ержүрек солдат қана емес, нағыз отаншыл еді.

Мен оның соғыс туралы әңгімелерін Ғабит Мүсірепов жазған «Қазақ солдаты» атты кітабынан оқыдым. Ол Қырымды азат ету кезінде десантшылар тобына жетекшілік етті. Жараланғанына қарамастан, майданнан кетпей, үш неміс танкін жойып, жаудың тылынан 25 фашист тұтқынын алып шықты. Әркез атамның ерлігі туралы ойлағанда, бізге жеткен Жеңістің қандай баға жетпес құнмен келгенін түсінемін.

   Атам керемет әзіл-қалжыңға бай, адамдарды өзіне баурай білетін адам болды.

Бірде ол маған емханаға барып, ұзын-сонар кезекте тұрғаны туралы айтқан еді. Жанындағылар атамды Ұлы Отан соғысының батыры ретінде танып, таңданып, оған кезексіз өтуге ұсыныс жасайды. Атам болса, өзіне тән қарапайымдылықпен, өз кезегін күткен болатын. Өзінің соғыста ерлік көрсеткен нағыз батыр болғанына қарамастан, ол өмір бойы қарапайым адам болып қалды.

    Менің отбасымда соғысқа қатысқан тек Қайырғали Смағұлов қана емес, әжем Раиса Смағұлова да темір жолда қызмет етті, ал нағашы атам Қасым Жүсіпбеков 1938 жылы Хасан көлінде, 1939 жылы Халхин-Голда Жапонияға қарсы соғысқа, 1941 жылы Мәскеуді қорғау шайқасына қатысты. Олар маған бейбітшіліктің құнын, тарихты құрметтеуді және соғыс үшін күрескендерді естен шығармауды үйретті, ­- деп еске алды  Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан Халық партиясының бастамасымен өткен шарада Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың немересі Қуаныш Смағұлов. Айтуынша, Қайырғали Самғұлов соғыс кезіндегі оқиғаларды  жақын адамдарына сирек айтатын болған екен.

    Иә біздің тарих қасіретті де қасиетті. Сол үшін ол бізге қымбат. Себебі, біздің бүгінгі  күнімізді кешегі сол қан майдан шешті. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл дата –  тарихтағы маңызды күндердің бірі. Бұл тарихи оқиға әлемдегі миллиондаған адамның өмірін өзгертті.  Ал, Жеңіс халықтың ерен еңбегінің, батырлығы мен ерлігінің нәтижесі болды.

   Қазақстан Халық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы   Балжан Досмұхамбетова айтып өткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген сұхбатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлау мемлекеттің күн тәртібінде маңызды орын алатынын айтты.  Президент өз сөзінде: «Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды», — деген еді.

 – 1945 жылдың 9 мамыры –еліміз үшін, әрбір қазақстандық үшін ешқашан маңызын жоймайтын айтулы күн. Біз бейбітшілік таңы үшін сұрапыл күндерді бастан кешіп, Отанын қорғаған, соғыстың бар қиыншылығы мен ауыртпалығын көрген әрбір жанды ерекше құрметтейміз және мақтан тұтамыз.

   Қазақстан Халық партиясы биылғы маңызды жылды үлкен жауапкершілікпен әрі еркше мақтанышпен ашып отыр. Біз өткізетін іс-шаралар ардагерлерге құрмет көрсетуден бөлек, сол жылдардағы оқиғаларды жас буын өкілдеріне түсіндіруге көмектеседі деп кәміл сенеміз. Бұл Жеңістің құны өте қымбатқа түскенін жадымыздан шығармай, келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін мәңгі есте сақтауымыз қажет, — деді Балжан Ибатқызы.

   Екінші дүниежүзілік соғыс — әлем тарихындағы ең қайғылы әрі ауыр кезеңдердің бірі болды. Бұл кезеңде тек қана жауынгерлер мен халық зардап шеккен жоқ, сонымен қатар медицина саласы да үлкен сынаққа тап болды. Медицина қызметкерлері тек қана жарақаттанған солдаттарды емдеп қоймай, сонымен қатар түрлі инфекция мен аурулардың алдын алу, санитарлық жағдайды жақсарту, психологиялық көмек көрсету сияқты маңызды міндеттерді де атқарды.

    Соғыс уақытында медицинаның әр саласы өзінің дамуының жаңа кезеңін бастан өткерді. Жарақаттанған солдаттарға алғашқы медициналық көмек көрсету, оларды госпитальдарға жеткізу, хирургиялық операцияларды жылдам әрі тиімді орындау қажеттілігі туындады. Мұндай жағдайда дәрігерлер мен медбикелер үшін жаңа әдістер мен технологияларды игеру аса маңызды болды. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Гүлнәфис Таңбаева айтып берді.

   –   Қан майдан шебінде жауынгерлермен қатар қиындыққа төзіп, Отан үшін отқа түскен ақ халаттылардың еңбегі өлшеусіз.

Мысалы майдан алаңынан ауыр жараланған 480 офицерді алып шыққан көкшетаулық медбике Мария Смирнова-Кухарскаяның ерлігін ұмыту мүмкін емес. Одан бөлек, 19 жасар шымкенттік фельдшер Рәзия Ысқақова бір күнде 20 танкисті ажал аузынан аман алып қалғандығына тарихи деректер куә.

   Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуковтың «соғыс жағдайында жауды жеңуге қол жеткізу — әскери медициналық қызметтің, әсіресе әскери-далалық хирургтардың сәтті жұмысымен тығыз байланысты болды» деген сөзі медицина мамандарының қызметінің ерекше роль атқарғандығының дәлелі болып табылады.

  Соғыс жылдары денсаулық сақтау саласы бойынша 472 мың кәсіби қызметкерлер еңбек етіпті, оның ішінде 140 мыңнан астам дәрігер болса, оның 96,3 мыңы — әйел адамдар,  43,7 мың ер адам болған. Ал, 228 мың медбике, 104 000 өзге де медициналық қызметкер еңбек еткен.

   1941-1945 жылдары еліміздің жоғары оқу орындарынан 65 мыңнан астам дәрігер дайындалып әскер қатарына жіберіліп, запастағы 80 мың дәрігер шақыртылды.

   Ал Ұлы Отан соғысы майдандарында ерліктері үшін 47 дәрігер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, 116 мың әскери медицина қызметкері үкіметтік наградалармен марапатталды.

  Бала күнімізде соғыс суреттелген фильмдерде де дер ке­зінде көрсетіл­ген ме­ди­циналық кө­мектің нәтижесінде жарақатынан айығып, ортаға қосылған жауынгерлер мен офицерлердің өмірі, майданға қай­та араласып, Же­ңіс үшін қан мен тер төккен солдаттар туралы жиі көретінбіз. Кес­кі­лес­кен қантөгіс ортасында жүріп жарақат алған 10 млн.ға жуық жауынгер мен офицерге бораған оқ арасында, сатырлаған снаряд пен бомбалар астында медициналық көмегін аямаған дәрігерлердің еңбегі ерен, — дей келе соғыс кезеңінде медицинаның көптеген жетістіктері байқалғанын, медицина қызметкерлері әртүрлі хирургиялық әдістерді жетілдіргенін, жаңа дәрілер мен вакцинаулар әзірленгенін, тіпті трансплантация, қан құю, антибиотиктерді қолдану секілді ғылыми жетістіктер соғыс жылдарында кеңінен қолданылғанын баяндады. Шынында бұл дамулар медицина саласындағы келешек ғылыми зерттеулер үшін негіз қалады деуге әбден болатын секілді.

     Жиын кезінде Атырау облысының құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, педогогика ғылымының кандидаты, профессор Шахман Нағимов соғыс жылдары туралы келелі әңгіме көтерсе, Ұлы отан  соғысы құрбандарының ұрпақтары да ортадан табылып,  ата-бабалары туралы естеліктерімен бөлісті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген  Ерлан АЛТЫБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button