
Соғыста да үздік болған Зиманов
Атырау топырағында дүниеге келген халқымыздың асыл азаматтары көп. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Егемендік туралы Декларация және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заңының авторы, қазақ заң ғылымының негізін салушы академик Салық Зиманов. Екінші дүниежүзілік соғыста жиырма екі жастағы ол қазақтан шыққан тұңғыш взвод командирлерінің бірі ретінде танылса, небәрі жиырма төрт жасында бригада артиллериясының командирі болды. Бұл лауазымды ол кезде полковник шеніндегілер атқарушы еді.
Бұл соғыста небір ерен ерлік көрсетіп, қайсарлығымен үлгі болған қазақтың ержүрек ұл-қыздары мыңдап саналатын. Әскери тарихшы, жазушы Жұмабай Доспановтың айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлерінің саны – 15 300 адам, олардың 1 мыңға жуығы аға офицер. Ал, генерал немесе полковник дәрежесіндегі офицерге лайықты қызметтерді атқарған 60-қа тарта қазаққа ресми түрде лауазымына сай әскери шені берілмеген.

Туған жер мен туған жыл
Қазіргі дереккөздерде Салық Зиманұлының туған күні мен жері түрліше жазылып келе жатыр. Ресми құжат бойынша ол 1921 жылғы ақпанның 19-нда Гурьев қаласында өмірге келген. Ал, дұрысында қазіргі Қызылқоға ауылдық округінің орталығы – Қарабау селосынан күншығыс қарай 20 шақырымдай қашықтағы «Жарылғасын қыстауы» деген жерде сол жылдың 2 сәуірінде кіндік қаны тамған. Бұл – оның атакүлдігі. Ойылдың бір саласы – Жарыпшыққан өзегінің құяр сағасына таман «Сақау Соркөлі», «Құлмәлі Соркөлі» деген мекендер бар. Кезінде Батыс Алашорданың ордасы болған Қызылқоға мекеніне жақын бұл қоныстарды, аты айтып тұрғандай, Шеркеш руының Қойыс-Сақау және Беріш руының Жайық-Құлмәлі тайпалары жайлаған. Жергілікті құймақұлақтардың айтуына қарағанда, Салықтың кіндігі осы Сақау Соркөліне жақын Жарылғасын қыстауында кесілген де, кейін метіркені Гурьевтен алыпты. Ал, Жарылғасын әу бастан өз жиғаны өз төңірегіне жететін әжептәуір дәулеттің иесі көрінеді.
Салықтың әкесі Зиман Жарылғасынов сол аймақта кеңес өкіметі орнағанда, Тайсойған болыстық атқару комитетінің төрағасы болған беделді тұлға болған. Өйткені, ақ пен қызыл алмасқан алмағайып заманда осы лауазымды сол кездің қазақтары арасында сирек кездесетін төрт кластық біліммен бақандай бес жыл (1920-1925 ж.ж.) атқарған Зиманнан өзге жан қадау-қадау. Ал, бұл қызмет 1928 жылға дейін ауыл-село мен ояз (уез) арасындағы 1000 түтіннің (үй) басын қосқан әкімшілік басқару органы еді. 1925 жылы отбасымен ояздың орталығы – Гурьев қаласына қоныс аударған Зиман Жарылғасынұлы 1938 жылы жүрек талмасы ұстап, кенеттен дүние салады. Анасы Болған Жарылғасынова үй шаруасымен шұғылданып, Зиман мен алты баланың жағдайын жасаулы.
– Республикаға әйгілі журналист, партия қызметкері Теңдік Жауыровтан тұп-тура мүшел жас үлкен, әрі рулас Салық Зиманұлы онымен жақсы қарым-қатынаста болғанын білемін. Тәкеңнің өз аузынан естігенім – әкесі Зиман жайдары мінезді, мейірімді, кең пейілдігімен балаларының есінде қалыпты. Әділетсүйгіштігімен, суретшілігімен, ал анасы қолөнер шеберлігімен халыққа танылған. Үйдің тұңғышы Салыққа да ол өнерлер дарып, өзіндік хоббиі болыпты, — дейді жергілікті әскери тарихшы, жазушы Жұмабай Доспанов.
Жұмабай Орынғалиұлының зерттеулеріне қарағанда, Гурьевтен Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін 1938 жылы толық бітірген Салық облыстық оқу-ағарту бөлімінің он айлық курсынан мұғалім мамандығын алған. Сосын еңбек жолын Форт-Шевченко ауданындағы С.М.Киров атындағы орталау мектепте мұғалімдіктен 1939 жылдың тамызында бастайды. Әскерге алынғанша және соғыстан келген соң Гурьевтің самар бетіндегі Орал көшесі, №8 үйде ата-анасымен бірге тұрған. Қысқы каникулда анасына келіп, мауқын баспақ болған оны қалалық әскери комиссариатқа шақырып, 1940 жылы қаңтардың басында әскер қатарына алып кетеді.
Одақтастармен алғашқы кездесу
Екі жылдық әскери міндетін Қара теңіз жағалауындағы гүржі елінің көне қалаларының бірі – Потиде орналасқан атқыштар полкі штабының хатшысы (писарь) болып өтеп жатқан Салық суыт хабарды естіген. Тұтқиылдан соғыс басталатынынан бейхабар кезде Қызыл Армияда офицерлер де тапшы болатын. Соған байланысты орта білімі бар Салықты 1941 жылғы тамыздың аяғында артиллерия училищесіне оқуға жібереді. Қысқа мерзімді сегіз айлық курсты 1942 жылдың мамырында лейтенант шенімен бітірген оны дереу Сыртқы Кавказ майданына аттандырған. Ал, маусымның басында 5-дербес гвардиялық атқыштар бригадасы құрамында миномет взводының командирі болып соғысқа кіреді.

Арада екі жарым ай өткенде миномет ротасының командирлігіне тағайындалған лейтенант Зиманов 1943 жылғы тамыздың ортасында капитан шенімен осы бригаданың дербес артиллерия дивизионының командирі етіп тағайындау туралы бұйрықты қолына алған. Подполковникке тиесілі бұл лауазымда да дәл бір жыл болып, аға офицер – майор шенімен 1944 жылдың қыркүйегінде 615-корпустың миномет полкі командирінің сап бойынша орынбасары лауазымына жоғарылатылады.
Білікті де ержүрек командирдің есімі тек өз полкіне ғана емес, ІІ-Белоруссия майданының басшылығына да белгілі болыпты. 1945 жылғы 29 сәуірден 4 шілдеге дейін 66-механикаландырылған бригада артиллериясының бастығы болған Салық Зиманов ұрыс даласында төрт рет жараланған. Ж.Доспанов келтірген мәліметтер бойынша 1942 жылғы қазанда, 1943 жылдың ақпан, маусым және қазанында жарақат алған ол неміс жеріндегі Эльба өзенінде одақтас АҚШ армиясының алдыңғы бөлімдерімен алғаш кездескен аз ғана кеңес офицерлерінің бірі.
Рейхстаг төбесіне Жеңіс туы ілініп, капитуляция жөніндегі актіге қол қойылғаннан кейін де бітпеген көп жұмыс бар еді. Сол жылдың шілдесінде 8-механикаландырылған корпус осы атаумен дивизияға айналып, бригадалар полк болып қайта құрылғанда майор Салық Зиманов артиллерия полкі штабының бастығы болып тағайындалған. Белоруссияның Гродно облысындағы Слоним қаласында бұл қызметті тоғыз ай атқарған ол өз өтінішімен әскери қызметін доғарған. Елге аман-сау оралған С.Зимановқа 1952 жылы подполковник, 1965 жылы полковник шені беріледі.
Марапат парағындағы жазбалар
2023 жылы жарық көрген Ж.Доспановтың «Молодые полководцы СССР во Второй мировой войне» атты екі томдық деректі жинағында оның ерлік істері жөнінде үш мәрте атап көрсетілген. Ескеретін жайт, мұндай зерттеу еңбек бұрын-соңды Кеңес Одағында да, посткеңестік мемлекеттерде де жарық көрген жоқ.
Әйтсе де, соғысты лейтенант болып бастап, майор шенімен аяқтаған Салық Зиманұлының ержүрек іс-әрекеті атаусыз қалмай, лайықты бағасын да алды. Тәртіпті сүйетін шешімді, батыл әрі өжет деп бағаланған рота командирі Зиманов 1943 жылғы 16-18 шілде күндері жау бекінісіне шабуыл барысында өзгелерге үлгі болған. Ұрыста өз құрамасын шебер ұйымдастыра білген командир көп шығынға жол берген жоқ. Оқ-дәріні орынсыз шығындауды ұнатпайтын ол минометшілердің мергендігінің арқасында жаудың үш блиндажының күлін көкке ұшырды.
Сол ерлігі үшін минометршілер ротасының командирі Зимановты «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттау туралы 1-дербес гвардиялық атқыштар батальонының командирі, гвардия капитаны Ермаков 20 шілдеде ұсыныс жолдаған. Оған 5-дербес гвардиялық атқыштар бригадасының командирі, гвардия подполковнигі Роткевич пен бригада штабының бастығы, гвардия майоры Мамыкин де қарсылық білдірмепті.
Ал, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталуына 1945 жылдың наурыз айындағы екі бірдей қайсар іс-қимылы негіз болған. Әуелі 13 наурыз күні вермахт командованиесі танк және жаяу әскердің күшімен түн ішінде Квашин деревнясына тұтқиылдан шабуыл жасап, басып алуға бекінеді. Полк командирінің орынбасары Зиманов минометшілерді рухтандыра отырып, дивизионның бекіністі тастап кетпеуіне және жаудың шабуылына батыл тойтарыс беруіне өзі ұйытқы болған. Көптеген әскерінен айрылған немістер амалсыз кері шегінеді.
Ал, 25 наурыз күні Қызыл Армияның жаяу әскері Данциг қаласы маңындағы жау бекінісін басып алу үшін шабуылға шыққанда, артиллеристерді еліктірген майор Зиманов ұрымтал сәтті пайдаланып, діттеген межеге бірінші жетеді. Жау әскері қарсы шабуылға шыққанда бүкіл дивизионымен оқ себелеп, 22 солдатынан айырылып, 2 әскері жараланған қарсыласты кері шегінуге мәжбүр еткен. Осылайша, қызыл әскерлер тиісті межені бағындырып, бір шақырымдай ілгері қарай қозғалады. Майор Салық Зимановтың осы қаһармандықтарын бағалап, үкімет наградасына ұсынған 615-миномет полкінің командирі, гвардия подполковнигі Степаненконың 4 сәуірдегі қатынас хаты 8-механикаландырылған корпустың командирі, танк әскерлері генерал-майоры Фирсович пен ІІ-Белоруссия майданы бронетанк және механикаландырылған күштерінің қолбасшысы, танк әскерлері генерал-майор Чернявский тарапынан қолдау тапқан.
Сөйтіп, соғыстағы алты жыл үшін Зиманов «Қызыл жұлдыз», екі мәрте І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Опат болған қос бауыр
Кіші командирден аға офицерлікке дейін көтерілген Салық Зимановтың да Сапар, Отар есімді екі інісі қанды қырғыннан оралмаған. Жұмабай Доспанов келтірген дәйек бойынша өзіне тете інісі Сапар Зиманұлы 1923 жылы Тайсойған ауылында туып, 1943 жылғы 16 наурызда Украина жерінде опат болыпты.
– Сапар Қызыл Армия қатарына 1942 жылғы 2 мамырда Гурьев аудандық әскери комиссариатынан алынған. Гвардия жауынгері Оңтүстік-Батыс майданның құрамындағы 28-гвардиялық миномет бригадасы 87-гвардиялық миномет полкінің 366-гвардиялық дивизионда аға шофер болыпты. Дерек бойынша бұл Харьков облысының Граково деревнясында бекініп тұрған «Катюша» дивизионы еді. Оның атын естігеннен-ақ зәресі ұшатын немістер осы дивизионнан құтылуды көздейді. Өйткені, жүз шақырымға жетпейтін жердегі Черемушная селосының оңтүстік-батыс шетіне орналасқан дұшпан батальонының шебіне екі дүркін реактивті снарядты тура көздеп атқанда, бұлар 40-тан астам, яғни бір взводтай жау әскері мен 4 пулемет ұясын және 2 роталық минометті жойып жіберген болатын. Ақыры, қанқұйлы жаудың жымысқы ойының салдарынан дивизионның аға шофері Сапар Зиманов, оның көмекшісі Василий Николаев, радиотелеграфист Николай Радионович Ефимочкин мен слесарь Дмитрий Панков шейіт кетті. Барлығы да Украинаның Харьков облысындағы Чугуев ауданына қарасты Граково селосының солтүстік шетіне жерленген, — дейді Жұмабай Орынғалиұлы.
Түйінсөз:
Бұл – академик Зимановтың майдандағы бізге беймәлім қыры. Әйтсе де, бүгінде біз оның мемлекетті қалыптастыру ісіне қосқан үлесі мен заң шығару саласындағы терең кәсіби біліміне ғана тоқталып жүрміз. Шын дарынды қай қырынан қарасаңыз да, оның шамшырақтай жанып тұратынын ескере бермейтініміз өкінішті. Соның салдарынан қаншама асылдарымыз әлі беймәлім күйінде жатқанын ешкім айтып бере алмас, сірә!
Қуат ҚОСЫМБАЕВ