Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Соғысқа алғаш аттанғандар

Отан соғысының басталуының басында ІІ дүниежүзілік соғыстың тұрғаны белгілі. Яғни соғысқа алғаш аттанған жауынгерлер осы майданнан шығып, әрі қарай отан соғысына қатысады. Кеңес өкіметі ленинградтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деген желеумен 1939 жылы 30 қарашада финляндияға басып кіреді. Міне, бұл орыс- фин майданына ауданнан Зайдолла Жұлқашев, Құбаш Мұхамбетқалиев, Құбай Нұқбайұлы, Қосжан Есқалиев, Сейілхан Ғабдуллиндер қатысқан. Бізге әлі белгісіздері қаншама?


Осы батырларымыздың бірі С.Ғабдуллин орыс — финсоғысында 117 атқыштар полкі құрамында болған. Кейін 1941 жылы 22 маусымда Калининград қаласының маңында Отан соғысына кіріседі. Қан майданда жүріп, 1941 жылы Литва жерінде жау қоршауында қалып, Германияның Дрезден, Бухенвальд концлагерінде, 1942 жылы Бельгияның Цвартберг провинциясының Лилебург жеріндегі концлагерьде тұтқында болған. Бұдан 1944 жылы 4 сәуірде қашып шығып, «Отан үшін» атты партизан бригадасының құрамында Батыс елдердің бірнеше қалаларын жаудан азат етуге қатысып, 1945 жылы тамыз айында елге оралады.
Айтуға оңай көрінгенмен жауынгердің өмірі адам айтса төзгісіз. Ол туралы «Қилы тағдыр» кітабында баяндалады. Өткен жылдары Бельгияның Қазақстандағы елшісі батыр зиратына тағзым ету үшін Индер ауданына арнайы келіп кеткен болатын. Осынау ерлікке тағзым зор адамгершіліктің белгісі емес пе? Сондай-ақ, дәл осындай орыс- фин соғысында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, кейін Отан соғысынан түгелдей өтіп, Берлинге дейін жеткен аққалалық Қосжан Есқалиевтың қайсарлығының өзі бір бөлек әңгіме. Сол ержүректілігінің арқасында Кеңес одағы оны «Қызыл Жұлдыз» ордені және «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапаттаған. Жалынды жауынгер Германияның астанасы Берлинге барып, жеңіс туы тігілген Рейхстаг қабырғасына ойып тұрып қолтаңбасын қалдырғаны әлі күнге дейін аңыз болып айтылады.
Жалпы Есбол аудандық әскери комиссариаттың әскерге шақырылғандарды тіркеу кітабындағы мәліметте 1941 жылдың 25-28 шілде аралығында ауданнан 124 адам майданға шақырылғаны айтылады. Солардың қатарында болған есболдық Рахметжан Шахметов бір кездері әріптес ағамыз С.Халықовқа берген сұхбатында өзімен бірге аттанғандардың қатарында Жұмағалиев Ділмәш, Есқалиев Тілекқабыл, Уәлиев Нығымет, Жұбанышқалиев Рахметқали, Мүкиев Ізім, ауыл — дастары Дәулетқалиев Қабдеш, Базарбаев Ораз, Каймашников Иван, Мырзағалиев Ораз, барлығы Есболдан 150 жігіт майданға аттанғанын айта келе: – Бірде полк командирі Романовский шақырып алып, әлгінде ғана оққа ұшқан барлаушылар взводының командирі Грещенконың міндетін атқаруды бұйырды. Онымен қоймай жау тылына өтіп, «тіл» әкелуді тапсырды.
Картаны алып жіберіп, жаумен екі араны анықтап, барлаушылар арасынан арнайы топ дайындап, оған Олешков, Белоглазов, Оңбаев пен Ишназаровты таңдап алып, түнгі жорықтың әдіс-айласын, бастысы тапсыр — маны қалай орындау маңызды екенін түсіндірдім. Өзімізден 200-300 метр жердегі жаудың шебінен түнде өтіп, бағалы деген «тілді» ұстап, сүйреп келе жатқанымызда жау жағы оқ жаудырып, үш жауынгеріміз оққа ұшты. Мен қолымнан ауыр жа — раландым. Бірақ, «тілді» дивизия штабына жеткіздік, – депті. Кейін Ленинград қоршауы сөгіліп, 1944 жылы 20 маусымда Выборгты азат еткен 268-ші полктағы взвод командирі лей — тенант Р.Шахметов екінші рет ауыр жараланып, одан да аман қалады. Жеңіс күніне жетіп, елге оралып, бақуатты өмір сүрді. Ал есболдық еңбек ардагері Жұмағали Дәулетқазиев өзінің естелігінде:
– Елтайдан соғысқа 300-дей азамат аттанды. Оларға 1941 жылы күзде бұрын соғыста болған офицер Қоңқаш Қаймолдин соғыс өнерін үйретті. Аттандыру жиынында мектеп директоры М.Сирановпен өжет жігіт Қайырғали Бимұханов сөйледі. Сол күні 15-20 түйешанаға отырған ауыл азаматтары соғысқа аттанды. Содан жаралы болып 58 азамат елге оралған екен, – деп жазады.
Сонымен қатар әнші, ақын Қиса Көпжанұлының 1917 жылы Есболда туған баласы Сапар әскерге 1939 жылы шақырылып, орыс-фин соғысына, әрі қарай Отан соғысына кіреді. Ол 1942 жылы 18 тамызда ұрыста алған ауыр жарақатынан қаза тауып, Калининград облысы Погорельск ауданы, Погорелое Городище селосы, Держа өзенінің шығыс жағалауында жерленген. Жауынгердің ажалын алдын ала сездіргендей түс көріп, жүрегі оның қобалжулы болады. Бір қауіптің төніп келе жатқанын аңғарған ақын Сапар батыр қолына қалам алып, «Сапардың түсі» атты өлең жазады. Онысын дала поштасы арқылы елге жол — дайды. Бұдан бұрын да бірнеше рет өлеңмен туған жерге хат жібереді. Оның мәтіні қысқаша былай:
«…Бүгін бір түнде түс көрдім, Түсімде жаман іс көрдім. Ұйықтап жатып қарасам, Айнала әскер толып жүр. Шешіндіріп киімімді, Найза ұшына іліп жүр. Маңдайдан аққан қара қан, Сорғалап жерге ағып жүр. Қасымдағы жолдасым, Сапарым деп налып жүр».
Аудандық газет нөмір сайын советтік информациялық бюросының майдандағы жағдай туралы хабарын беріп отырған. Осы 1941 жылғы басылымның соңғы нөміріндегі «23 декабрьдегі кешкі хабар» атты мақалада: «23 декабрьде күні бойы біздің әскерлер барлық майдандарда жауға қарсы ұрыстар жүргізді. Батыс Калинин және Оңтүстік-Батыс майдандардағы учаскелердің бір қатарында біздің әскерлер жауға қарсы ұрыстар жүргізе отырып, алға қарай ілгерілеп барады. Бірқатар елді пункттерді, оның ішінде ірі теміржол узелы Горба- чевоны және Черепеть, Одоево қалаларын алды» деп баяндайды. Тағы бір көңіл аударатын нәрсе тек майданға көмек қана емес соғысқа дайындықтың айла- тәсілдерін де үйретіп отырған. Мысалы, «СМШ — ның» 1941 жыл 31 тамыздағы санында 2-ші рангалы соғыс инженері Б.Траммның «Авиабомбалардан қалай сақтану керек?» атты мақаласы шығыпты. Онда фугасты және жарықшақты бомбалардан сақтану үшін не істеу керектігі жөнінде жазылған. «Щель неғұрлым енсіз әрі терең болса, соғұрлым авия бомбалардан жақсы қорғайтын болады. Дағды да щельдің тереңдігі екі метр, ені 0,6 метр және ирек болып қазылады. Иректеп қазғанда оның бойын қуалай ұшқан жарықшақ немесе пулемет оғы екінші бұрылысқа зиян келтірмейтін болады. Щельдің әрбір ирегіндегі бұрылыстың ұзындығы 5 метр болу керек», деп оның басқа да қауіпсіз шарттарын ашып көрсетеді.
«Жау жоқ деме – жар астында» демекші, бұл – мәңгілік маңызын жоймайтын мәселе. Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің практикалық жұмысында болашақ сарбаздар үйренсе де артық етпес деп ойлайсың. Бәлкім бар шығар.

Жанай ИСЛЯМҒАЛИҰЛЫ
Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button