Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Өңір экономикасы: СЫН САҒАТТАҒЫ ШЕШІМ

Сұрапыл соғыстың зардабы әлі күнге ұмытыла қойған жоқ. Бейбітшілік үшін қасық қаны қалғанша күресіп, кеудесін оққа тосқан ержүрек батырларымыздың арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткіздік. Отты жылдардың өрті шарпыған тұста Атырау өңірі де тылдағы тірекке айналды. Сол кезеңде жеті қат жер астынан мұнай өндіру де, кәрі Каспийден балық аулап, майданға азық жеткізу де тоқтамады. Қиын сәтте қазыналы аймаққа одақтың өзге өңірлерінен ірі өндіріс ошақтары да көшіріліп жатты…

Бәрі де майдан үшін!

Мұнайлы өлке соғыс жылдарында КСРО-ның ең ірі өндірісті аймақтарының бірі болды. Облыс орталығы – Гурьев (қазіргі Атырау қаласы – автор) маңындағы Доссор, Мақат, Қошқар, Ескене, Құлсары секілді кен орындары кеңес әскерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.

1941 жылы Баку мұнай кәсіпшілігі фашистердің шабуылына ұшыраған соң, Гурьевтің «қара алтыны» басты балама көзге айналды. Жұмысшылар күндіз-түні дамылсыз еңбек етіп, мұнай өндірісінің қарқынын арттырды. Аналар мен балалар соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнына кен орындарында жұмыс істеді. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» ұраны өндірістегі басты бағдарға айналды.

№441 зауыт

Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесі соғыс жылдарында қаланған. Ол еліміздегі ең алғашқы мұнай өңдейтін кәсіпорын болып саналады.

Зауыттың баспасөз қызметінің мәліметінше, КСРО мемлекеттік қорғаныс комитеті 1943 жылдың 14 сәуірінде №3181 қаулы қабылдаған. «Аса құпия» таңбасымен белгіленген құжатта 4 мұнай өңдеу зауытының құрылысына алаң дайындау тапсырылады. Соның бірі – Гурьев қаласындағы мұнай өңдеу зауыты еді. Жаңа өндіріс орны бастапқыда №441 зауыт деп аталып, оған Жайық өзенінен екі жарым шақырым қашықтықтан алаң дайындалған.

Жаңа зауыттың техникалық жобасын америкалық «Баджер және ұлдары» компаниясы әзірлеген. Бұл жобаға түзету енгізу КСРО Мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының №1 тресінің, ал жергілікті жағдайға ыңғайлау «Ембімұнайжоба» кәсіпорнының мамандарына, ал құрылысы одақтық аэродромдық құрылыс бас басқармасының 3-ші басқармасына жүктелген.

Гурьевке 1943 жылдың 18 мамырында көлік техникалары мен аэродромдық құрылыс бас басқармасының қызметкерлері бар алғашқы эшелон келеді. Құрылыс басқармасына инженер, подполковник Иван Романовский жетекшілік еткен. 

«Тақыр жер. Тегіс бетінен көгал атаулының бәрін өшіріп тастаған. Бұл өңірдегі табиғаттың ғұмырнамасынан мүлдем сызылып тасталғандай, шөп те, ағаш та жоқ. Күннің ыстығынан күйіп кеткен осы сор өңірге соғыс күндері зауыт пен жанына қала салу керек. Бірақ мұнда үй салуға қажетті тас жоқ. Тек шаң мен тұз ғана. Алайда зауытты салу және іске қосуды тез атқару керек. Басқа амал жоқ» деп жазыпты өзінің естелігінде Иван Романовский. 

Өңдеу өнеркәсібінің «туған күні»

1944 жылы зауыт құрылысы қарқынды жүргізілген кезеңде құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам адам тартылған. 1945 жылы технологиялық қондырғылардың, тұрғын үйдің, жалпы зауыттық және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың құрылысы кең ауқымда жүргізіледі. Пешной аралындағы нысандардың, зауыттағы Пешной мұнай құбырының, мұнай қабылдауға арналған зауыттан тыс резервуарлық парктің құрылысы жеделдетіп жүргізілген. Технологиялық қондырғыларды монтаждау, зауыт асханасын, өрт депосын, зауыт басқармасының ғимаратын және химиялық зертхананы салу жұмыстары қарқын алған көрінеді. Зауыт, жұмысшылар мен қызметкерлерге арналған жаңа жабдықталған қалашықтың құрылысына 18 ай жұмсалған.

1945 жылдың 8 қыркүйегі – зауыт пен қазақстандық мұнай өңдеу саласының «туған» күні. Мемлекеттік комиссияның шешімімен бұл өнеркәсіптік өнім өндірісінің басталған күні болып белгіленеді. 1945 жылдың 1 қазанынан бастап 17 қарашасына дейінгі аралықта мемлекеттік комиссия зауытты өнеркәсіптік қолданысқа енгізу мақсатында қабылдау жүргізеді. Осы кезден бастап Гурьев облысы индустриалды орталық мәртебесіне ие болады. Зауыттың алғашқы өндірістік қуаты жылына 800 мың тонна мұнай өңдеуге жеткен. Бастапқыда мотор және қазан жанармайларын шығарды. Осылайша, жанармай өндіру саласы дами бастайды.

Ол кезде зауыт құрамына 17 өнеркәсіптік нысан, оның ішінде барлық қосалқы нысан мен Тұрғын үй қалашығы шағынауданы деп аталған тағы бір елді мекен кірген еді. Технологиялық құрылғылар негізгі нысан болып саналды.

«Зауыт 1960 жылдан кейін Атырау облысындағы кен орындарынан өндірілген ауыр шайырлы мұнайды өңдеуді арттырды. Сол кезеңде жергілікті мұнайды қайта өңдеу көлемінің 35-40 пайызын құрады. Мәселен, 1961 жылы Гурьев мұнай өңдеу зауытында өңделген шикізаттың 36 пайызы Ембі кен орындарынан алынған. Шығыс кен орындарындағы «қара алтынның» 36 пайызы, Түркімен кен орындарынан алынған мұнайдың 28 пайызы өңделді» делінген зауыт ұсынған ақпаратта.

Ал былтыр Атырау мұнай өңдеу зауытында 5 млн. 547 мың тоннадан астам мұнай өңделген. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Петровский зауыты қалай ашылды?

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес одағы бойынша 460 кәсіпорын, зауыт, фабрика эвакуацияланды. Солардың қатарында Петровский атындағы Гурьев машина жасау зауыты болған еді.

Кәсіпорын алғашында мұнай өнеркәсібіне қатысты тапсырыстарды орындаумен айналысқан. 1942 жылдың қаңтар айынан бастап зауыт майданға қажетті әскери құрал-жабдықтар мен өнімдерді шығаруға кірісті.

Майданның жабдықталуында 1942 жылы 13 сәуірде пайдалануға берілген Гурьев теңіз порты маңызды рөл атқарды. Ол мұнай өнімдері мен әскери жүктерді тасымалдау пунктіне айналған. Шілдеде 15 күн ішінде жергілікті жұмысшылар Гурьев станциясынан мұнай базасына дейін теміржол желісін салған, ал тамыз айында қала арқылы Кавказ мұнайын майданға тасымалдау басталған. Мұнай қоймалары мен стратегиялық нысандарды қорғау үшін Гурьевке 471-ші атқыштар-артиллериялық дивизионы жіберілген.

Тобықтай түйін

Атырау облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО экономикасының маңызды тіректерінің біріне айналды. Мұнай өндіру, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларындағы қажырлы еңбек жеңіске қосылған елеулі үлес болды. Сол кезеңде еңбек еткен жандардың ерлігі мен жанқиярлығы бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгілік сақталуы тиіс.

Дайындағандар: Айбөпе САБЫРОВА, Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button