
Майдангер мәртебесі – мәңгілік
Бұдан 80 жыл бұрын аяқталған қан майданның бел ортасында менің атам Хамза Жауапов та болған. Атамның майданға қалай аттанғаны, тұтқындалғаны, туған ауылына қалай оралғаны жөнінде әкем Паңгерей Хамзаұлы бір күні әңгімелеп берген еді.
– Соғыс кезiнде Сталиннiң «Бiзде кеңес солдаты еш уақытта тұтқынға түспеуi керек. Бiзде тұтқындар жоқ» деген бұйрығы болды. Ал, 1941 жылы Сталинград түбiндегi шайқаста «№270» дейтiн бұйрық шықты. Онда: «Фашистермен соғысып жатқан совет солдаттары егер тұтқында кетiп бара жатса, өзiн-өзi атып тастауы керек. Егер тұтқындалып кететiн болса, туған-туыстарының барлығы сотталады» делiнген. Ал соғыс аяқталған соң кеңестік билік Германиядағы концлагерлерде болған отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Бүкіл соғыс тарихында тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің саны 5 миллионнан асса, олардың 57 пайызы қаза тапқан, — деп әкем әңгімесін бастады.
Расында, соғыс тұтқындарының Отанына қайтып келгеннен кейінгі тағдыры да ауыр болғаны рас. 1943-1947 жылдарда 5,5 миллионға жуық соғыс тұтқыны мен Германияға жұмысқа айдалғандар елге оралды. Олардың 20 пайызы ату жазасына немесе 25 жыл лагерьде жазасын өтеуге кесілді. Ал 15-20 пайызы 5-10 жыл аралығына лагерьге жіберілсе, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды, 15 пайызы соғыста қирап қалған аймақта ауыр жұмысқа салынды. Өз еліндегі құзырлы органдар тарапынан көрсетілген қорлыққа шыдай алмай талай боздақ өзін-өзі өлтірсе, қаншасы кеңестік концлагерьде із-түзсіз кетті. Тіпті, тұтқыннан қашып, өз «кінәсін» қанмен жуып, партизандар қатарында соғысқан жауынгерлерді де сталиндік билік кешірген жоқ.
– Нарын құмында туған Хамза Жауапов 1942 жылы әскер қатарына алынып, Харьков түбіндегі шайқасқа аттанады. Сол жылдың маусым айында Қызыл армия жау қоршауында қалып, мыңдаған жауынгер, соның ішінде әкем де тұтқынға түсіп, фашистердің концлагеріндегі азапты көреді. Ол 1944 жылы неміс тұтқынынан босатылып, Гурьевке оралады. Алайда, сталиндік жүйе оны №270 бұйрық бойынша соғыстан кейін 6 жылға соттап, Сібірдегі Чита қаласы маңына жер аударады. Ондағы лагерьде отбасымен қара жұмысшы болып, тек 1956 жылы ғана елге оралған, — деп әкем өзі білетіндерін айтып берді.
Шынында да соғыстан кейін халықтың тұрмыс жағдайы тым ауыр күйде еді. Қарапайым тұрмыстық заттар тапшы, азық-түліктің жағдайы да сын көтермейтін. Оның үстіне жазалаушы органдар қаһарлы ызғары да қайтадан сезіле бастады. Сол уақыттағы адамдардың күнделікті өмірінде өзара сенімсіздік, абайлап сөйлеу, үрей үйреншікті құбылысқа айналды. Жер аударылғандардың тұрмысын жаңа қоныстанған жерлерінде арнайы ішкі істер комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды тұрақты жолға қойған.
– Әрбір әрекет «жау пиғыл» ретінде тез арада ашылып отырды. Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді – баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағы және жұмыс орнының ауысуы жайлы, басқа да деректерді үнемі комендатураға хабарлауға міндетті болды. Олар өздері тұрған жердегі тәртіп пен күнделікті істелетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынуы керек еді. Әйтпесе тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, бес күнге дейін қамауға алынды. Жаңа жердің жағдайы мен құқықтық ережелерге наразы болғандар қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды, — деп Паңгерей әкем естелігін түйіндеді.
Кейін Ресейдегі Әскери құжаттама архивіне арнайы сұраныс жіберіп, Х.Жауаповтың 1921 жылы туғанын дәлелдейтін жауап алдық. Сексен жасқа қараған шағында өмірден өткен Хамза атама туған жерінің топырағы бұйырды. Бес уақыт намазын қаза қылмаған ол көзінің тірісінде соғыстан кейін Гурьевтегі «Құспан молда» мешітінде азан шақырушы болып істепті.
Хамза ата мен әжеміз Тәнзила Жүнісовадан Паңгерей, Бақтыгерей, Табыс, Ахметкерей, Дәмеш, Нұржамал өсіп-өнді. Екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға ұшырып, қасиетті қара шаңырақтан перзенттерін қанаттандырды. Қазір Хамза атаның 20-дан аса немере-жиені бар.
Жеңістің 80 жылдығында атамның тағдыр соқпағынан өткенін еске алып, рухына тағзым жасаймын. Бұл – менің, барша бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Өйткені, біз – майдангердің ұрпағымыз!
Руслан ХАМЗА,
немересі