
Батырлық пен білімді ұштастырған дода
Облыстық білім беру басқармасының қолдауымен «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Айбын-2025» әскери-патриоттық спорт жарысының облыстық біріншілігі өтті.

Жарысқа Атырау қаласының мектептері мен колледждері, Махамбет, Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Индер, Мақат аудандарының білім беру ұйымдары қатысты.
–Байқаудың мақсаты — жас буынды әскери-патриоттық тәрбиелеу ғана емес, сонымен қатар ғылым мен техниканы игеру, зияткерлік әлеуетті арттыру, шығармашылық қабілеттерді шыңдау. Барлығы 240 оқушы, 16 жетекші, 9 әдіскер, 11 төреші қатысқан бұл байқауда қатысушылар 7 түрлі бағыт бойынша өзара мықтыны анықтайды, — дейді «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ұйымдастырушысы Венера Мырзахметова.
Қатысушылар зияткерлік қабілеттерін «Айбын дарыны» зияткерлік ойынында сынап, техникалық сауаттылықтарын робототехника байқауында көрсетті. Сонымен қатар олар физикалық дайындықтарын белтемірде тартылу, арқаға жатып денені көтеру сынды спорттық жаттығулар арқылы дәлелдеді. Шынайы жауынгерлік рухты талап ететін әскерилендірілген күрес, АК-74 автоматын толық бөлшектеу және жинақтау, пневматикалық винтовкадан ату, сондай-ақ арқан тарту сайыстары қатысушылар арасында үлкен қызығушылықпен өтті.
Сайыс соңында төрешілер алқасының шешімімен жеңімпаз командалар мен жекелеген номинация иегерлері анықталып, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Тоғжан ЕРМЕК