Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Кітапқа енген атыраулықтар

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тұңғыш рет ерекше туынды жарық көрді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет шыққан «Қару мен Қалам» атты жинақты шығаруға республика Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы қолдау көрсетті. Авторы – танымал әскери тарихшы, Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Жұмабай Доспанов.

Автордың айтуынша, ұзақ жылдар бойы жинақталған бұл деректі кітап 275 беттен тұрады. Онда республика бойынша соғысқа қатысқан 215 қаламгердің әскери ғұмырнамасы мен алған наградалары мен жетістіктері егжей-тегжейлі көрсетілген.

– Бұл тек бір жылдың жемісі емес, он жылдан астам уақыт бойы архив қорларын ақтарып, сарғайған парақтардан тірнектеп мәлімет жинаудың нақты нәтижесі. Осыншама тер төгіп жұмыстануыма сол кездегі облыс әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің зор ықпалы болғанын атап өткен жөн. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің ұсынысы негізінде Мәдениет және ақпарат министрлігі жинақты шығаруға қаржылық қолдау жасады, — деді Жұмабай Орынғалиұлы.

Ұзақ жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде жарық көрген толымды туындыға соғысқа аттанғанша және одан кейін қаламды жанына серік еткен Атырау облысының тумаларының есімдері енгізілген. Атап айтқанда, Гурьев қаласынан – майор, Забайкалье майданы «Суворовский натиск» газеті жауапты редакторының қазақ редакциясы бойынша орынбасары Жолдас Тұрғалиұлы Аймұратов, 24-гвардиялық атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық атқыштар полкі артиллериясының бастығы, гвардия майоры Кәрім Максимұлы Байғарин, жылыойлық – аға сержант Секер Айтжанов, форт-шевченколық – 164-атқыштар дивизиясы «За Отчизну» газеті жауапты редакторының орынбасары, капитан Василий Белунин, бақсайлықтар – 250-атқыштар дивизиясы 918-атқыштар полкінің құрамындағы 1-атқыштар батальонының командирі, аға лейтенант Басар Иманалиев, 117-дербес байланыс полкі партия бюросының хатшысы, капитан Құлшарап Өміршин, құрманғазылықтар – 57-моторландырылған атқыштар дивизиясы «Атака» газеті редакциясының жауапты хатшысы, капитан Асқар Сәбитұлы Қараев, Оңтүстік-Батыс майданы, ІІІ-Украина майданы және Кеңес әскерлері Оңтүстік тобының «Советский воин» газетінің қазақ редакциясының әдеби қызметкері, тілші-ұйымдастырушы, майор Әбуғали (Әбу) Сәрсенбаев, исатайлық, 9-гвардиялық атты әскер дивизиясы 32-гвардиялық полкі эскадронының командирі, лейтенант Хамит Ерғалиев, забурындық, Солтүстік-Батыс майданы әскери кеңесінің «За Родину!», ІІ-Белоруссия майданы әскери кеңесінің «За Родину!» және Ленинград майданы «На страже Родины» газеттері жауапты редакторының қазақ редакциясы бойынша орынбасары, майор Кәрім Ғұсманұлы Усмановтардың аты-жөндері мен толық мәліметтері бар.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button