
Ер есімі – ел есінде
Ұлы Отан соғысындағы облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған «Ер есімі – ел есінде» атты тағылымды «дөңгелек үстел» елдік пен ерлікке тағзым етіп, ардагерлер рухына құрмет көрсету мақсатында өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері, тарихшылар, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен колледж студенттері қатысты.

«Дөңгелек үстелде» сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы соғыс жылдарындағы Атырау өңірінің тылдағы ерен еңбегі туралы кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, сол жылдары Гурьев облысынан 42 мың тоннадан астам өте таза, өңдеуді қажет етпейтін мұнай майданға жөнелтілген. Бұл – өңірдің жеңіске қосқан зор үлесінің бір ғана көрінісі.
– Атырау тылда да алдыңғы қатарда болды. Соғыс жылдары егін даласынан келген соң, әйелдер мен балалар шамның жарығымен шұлық, кеудеше тоқып, байпақ басып, майданға жөнелтіп отырған. Сондай-ақ Атырауда темекі өсіріліп, ол да әскери қажеттілік үшін соғысқа жөнелтіліп тұрған, — деді Қ.Сүндетұлы.

Жиын барысында ардагерлердің өмірі мен ерлігін баяндайтын бейнематериалдар көрсетіліп, мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар арасында пікір алмасу, тарихи деректерге негізделген талқылаулар өтті.
– Ұлы Жеңіс біз үшін тек тарихи дерек емес, ол – бүгінгі бейбіт өмірдің бастауы. Батырларымыздың есімі – мәңгі ел жадында. Осындай шаралар арқылы біз жастарды елжандылық пен рухани құндылықтарға тәрбиелейміз, — деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының Саяси жұмыс бөліміне меңгерушісі Жасқыран Жалмұханов.
Айта кетелік, іс-шара «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен “Үркер” БПҰ қолдауымен “Ардагерлерді ардақтайық!” партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ