
Десантшының ерлігі
Кеңес-герман соғысы кезінде Қызыл Армия қатарына шақырылған сарбаздар қабілеті мен икеміне қарай түрлі әскери құрамаларға бөлінген. Бастапқыда соғысқа әзірлігі төмендеу болған кеңес қолбасшылығы біртіндеп жауынгерлердің тәжірибесі мен дағды-машықтарына қарай оларды дайындай бастады.
1943 жылдың 22 ақпанында Бақсай (қазіргі Махамбет) аудандық әскери комиссариаты арқылы армия қатарына аттанғанда Құспан Олжабаев небәрі он сегіз жаста еді. Өзі сияқты оң-солын айырып үлгермеген сарбаздармен бірге башқұрт жеріндегі әуе десанты училищесіне түскен. Уфадағы училищеде оларды бар болғаны алты айда дайындап шығарады. Себебі бұл – соғыстың нағыз қайнап тұрған шағы.

Жау тылындағы ептілік
Өзге құрамалардан гөрі дұшпанды айла-тәсілмен алатын десантшылардың қажеттілігін Ставкадағылар да жақсы түсінген болатын. Сондықтан, оларды жедел дайындап, ІІІ-Украина майданының құрамындағы 37-гвардиялық Қызыл тулы Свирь атқыштар корпусына бағынышты 99-гвардиялық Кутузов орденді Свирь атқыштар дивизиясының 297-гвардиялық атқыштар полкінің әуе десанты құрамасына жөнелтеді. Бастапқыда 14-гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып құрылған бұл құрама сапында гвардия жауынгері Қ.Олжабаев 1944-1945 жылдары Карель түбегі мен Венгрия, Чехословакия, Австрия тәрізді Еуропа мемлекеттерінің жеріндегі Выборг-Петрозаводск, Свирь-Петрозаводск, Балатон, Вена, Веспрем, Шопром-Баден, Прага, Йиглаво-Бенешов әскери операцияларына қатысқан. Аталмыш елдерді басқыншылардан азат ету жолында десантшы Олжабаевтың қайсарлығы мен ептілігі айрықша көрінеді. Бірақ соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша аса құпия тапсырмаларды орындайтын десантшылардың қаһармандығы жалпы құжаттарға ашық жазыла бермейтін.
297-гвардиялық атқыштар полкінің құрамындағы он тоғыз жасар десантшы Құспан Олжабаев 1944 жылғы 11 шілдеде Карель майданында полк әскерлерінің сол жақ қанатында шабуылға шығып, бір өзі 18 жау автоматшысын жайратып салды. Бұл кезде Қ.Олжабаевтың әскери шені қатардағы жауынгер болғанмен, 7-атқыштар ротасында бөлімше командирінің орынбасары болатын. Оның осы ержүректігін жоғары бағалаған полк командирі, гвардия полковнигі Бондаренконың 15 шілдедегі №08/н бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Соғыс кезінің тәртібі бойынша ерекше қаһармандық көрсеткен жауынгерлер мен офицерлерді әрбір ұрыстан кейін әскери құрылымдардың командирлері мен штаб қызметкерлері үкімет наградасына ұсынып отырған. Соның бәрі жинақталып, әскери жарғыға сай дер кезінде марапаттау шаралары өткізіліп тұратыны ресми құжаттарда қатталыпты.
ІІІ-Украина майданы құрамындағы 99-гвардиялық Свирь атқыштар дивизиясының командирі, гвардия полковнигі Китиченконың 1945 жылдың 30 сәуіріндегі №015/н бұйрығына сәйкес екінші мәрте «Ерлігі үшін» медалі әуе десантшысы Құспан Олжабайұлына 14 сәуір күні жасаған өжет іс-әрекеті үшін берілген. Австрияның Фишау қаласы маңындағы таулы аймаққа арнайы тапсырмамен түскен десантшылар тобын дұшпан байқап қалып, қолға түсірмек болады. Өзіне тап берген үш неміс солдатының екеуін сол жерде жайратып салған Құспан еңгезердей бір фашисті тұтқынға алған. Сол үшін дивизияның дербес оқу батальонының командирі, гвардия майоры Паламарчук оны «Ерлігі үшін» медаліне ұсынады.
Ал, гвардиялық дербес оқу батальонының командирі, гвардия капитаны Войтинцевтің 1945 жылғы 5 маусымдағы №25/н бұйрығымен Қ.Олжабаевқа үшінші рет «Ерлігі үшін» медалінің берілуіне бұдан бірнеше ай бұрынғы Германияның Нойштадт Ростр қаласы маңындағы қайсарлығы негіз болған. Сол жылғы 24 наурызда арнайы тапсырмаға шыққанда өз міндетіне ерекше мұқият қарайтын жиырма жастағы десантшыға топ басшысының қасында болып, оны қорғау тапсырылады. Берілген тапсырманы мүлтіксіз әрі жедел орындайтын Олжабаевқа үнемі алдыңғы шепке аса құпия бұйрықтарды жеткізу жүктелуші еді. Сондай жауапты тапсырмаға шыққан ол ой-шұңқырын білмейтін неміс жерінде – Нойштадт Ростр қаласынан оңтүстікке қарай шыға берістен екі немісті тұтқынға алған. Бастапқыда кеңес әскерлеріне қарсы бүлікшілер деп ойлаған ол әлгі екеуді батальон командиріне жеткізеді. Тергеу кезінде олардың Қызыл Армия тылына дендей еніп, арнайы тапсырманы орындауға жіберілген әккі диверсанттар екені белгілі болыпты. Осылайша, Қ.Олжабаевтың батылдығы, епті іс-қимылы мен қайсарлығының арқасында жаудың жымысқы әрекеті жүзеге аспай қалған.
Осындай қым-қуыт сәтте тапқырлықпен, жау тылындағы епті де икемді іс-әрекетімен көзге түскен Құспан Олжабаевты қарулас серіктері «Гусман» атап кеткен еді. Сол себепті оның есімі әскери құжаттардың бәрінде солай жазылып, кейін ұл-қыздарының метіркесі де осыған сай толтырылыпты.
Бейбіт өмір. Қайнаған тірлік…
Үш мәрте «Ерлігі үшін» медалінен басқа «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған әуе десантшысы фашистік Германия тізе бүккенімен Жоғарғы Бас қолбасшының арнайы бұйрығына сай Армия қатарында қалған. Соғыстағы қаһармандығы, өжет іс-қимылы мен жедел шешім қабылдай білетін шапшаңдығы ескеріліп, оның шені де сатылап өсе бастайды. Гвардия аға лейтенанты шенімен елге 1948 жылы қыркүйекте оралған оның гимнастеркасында кез келген майдангердің өңірінен көзге шалынбайтын «Үздік әуе десантшысы» белгісі жарқырап тұрушы еді.
Мұндай маман қиын жағдайдағы халық шаруашылығын қалпына келтіруге де ауадай қажет болатын. Бірден Бақсай аудандық тұтынушылар одағына экономист-жоспарлаушы болып жұмысқа тұрған ол еңбекшілердің тұрмысын жақсарту жолында тер төгеді. Бірақ қай салаға да маман жетпей жатқандықтан, ол кезде кадр тетігін аупартком шешетін. 1950 жылдың 3 ақпанында Бақсай аупарткомы Құспанды аудандық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшылығына жіберуді ұйғарған. Партия айтқан соң бұлтақтайтын қал бар ма, бұл қызметті табаны күректей үш жыл бойы мүлтіксіз атқарған Қ.Олжабаевтың ұйымдастырғыш қарым-қабілеті өзге жауапты учаскелерге де керек болыпты.
1953 жылдың 18 ақпанынан аупарткомның жалпы бөлімінің нұсқаушылығына тағайындалған оны 1956 жылғы желтоқсанда аудандық партия конференциясынан кейін іле-шала өткен пленум мәжілісінде Ортақшыл ауылына жұмсайды. Мұнда «Зауральный» машина-трактор станциясының аумақтық партком хатшысы болған оның Жайық бойындағы шаруашылықтарды техникалық жабдықтау, еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық, басқа да мәселелерінің шешілуіне септігі мол тиді. Бірақ іскер маманның аяқалысын бірден байқайтын аупартком тағы да қырағылық танытып, ол үш ұжымшар мен МТС-тің базасында жаңадан құрылған «Зауральный» кеңшарының партком хатшылығына сайланады. Бұл 1957 жылғы 9 сәуір болатын…
Майдангер десантшының қызығушылығын оятқан «Ленин жолы» газетіндегі тұрақты үш жылдан соң, 1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына сырттай оқуға түсіп, оны алты жылдан соң бітіріп шығады. Дипломын алып өз қалауымен редакцияға келгенде, оған тағы да жауапты хатшылық қызмет бұйырған. Бірақ тоғыз айдан соң, яғни 1962 жылдың сәуірінде сол кездегі Бас хатшы Н.Хрущевтің ұйғаруымен аудандар ірілендірілгенде оның салқыны жергілікті басылымдарға да тиеді.
Сөйтіп, аупартком Құспан Олжабаевты 1962 жылғы сәуірде тағы да өз қажетіне жұмсайды, бұл жолы Сарайшық ауылындағы №91 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің бастауыш партия ұйымына жіберген. 1965 жылдан Махамбет аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметін атқарған майдангер десантшы 1971 жылдың желтоқсан айында ұзаққа созылған ауыр науқастан дүние салды. Сол кезде ол небәрі қырық бес жаста еді…
Иықтағы суреттің сыры
1925 жылы Бақсай ауданының «Жаңа тұрмыс» елді мекенінде дүниеге келген Құспан бастауыш мектепті Егізкөл ауылында оқып, онжылдық мектепті он жеті жасында Жаманқаладан бітірген. Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралған майдангерлер өзара жиналып, әредікте демалыс ұйымдастырады. Көпшілігі қанды қырғынның зардабын тартып, туған жерге келгеннен кейін де қиямет-қайым шаруаның бейнет-ауыртпалығын арқалап жүрді.
…Дастарқан басындағы көңілді демалыстардың бірінде қонақтардың бірі десантшы майдангерден сол жақ иығындағы жанып бара жатқан әскери ұшақ пен парашютпен секіріп бара жатқан адамның бейнесі не үшін салынғанын сұрайды. Сонда әкесінің берген жауабы ортаншы ұлы Жанболаттың есінде қалыпты. Оның айтуынша, 1945 жылдың басында десантшылар тобын Австрия аумағындағы жау шебін барлап, ұтыры келсе тұтқиылдан шабуыл жасап, жойып жіберуге жұмсаған. Алайда діттеген жерге жетпей, десантшылар ұшағын ойламаған жерден жау зеңбірегі атқылай бастайды. Барынша дарытпауға тырысса да, көп өтпей ұшақтан қара түтін будақтай жөнеледі. Экипаж командирі мен ұшқыш бұларға дереу парашютпен секіруді бұйырған. Абырой болғанда, бәрі де жерге түсіп, кеңестік партизандарға қосылады. Сонда аман қалғандарының белгісі ретінде партизандар иығына осы суретті салып берген екен.
– Ол кезде ешкім де бар-жоққа қарамайды, дастарқанда нан мен шәй, бір асым ет болса жетіп жатыр. Сондайда әкем аудандық құрылымдардың басшылық қызметінде бірге жұмыс істейтін Құлшараф Өміршин, Дүйсенғали Төленов, Нұрғали Тасмағамбетов тәрізді тұстас-әріптестерін үйге отбасымен шақырып, емен-жарқын әңгімелесуші еді. Біз солардың әңгімелерін тыңдап өстік. Әкем қайтыс болғанда үлкен ағамның жасы жиырма екіде, мен онда едім. Анамыз Ақзия Мадиярова қырық төрт жасында сегіз баламен жесір қалды. Түрлі тауқыметке қарамастан бәрімізді де оқытып, жақсы тәрбие берді. Мұның бәрі әу баста әкемізбен арадағы сыйластықтың арқасы болар деп ойлаймын, — дейді майдангердің ұлы, республика Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, запастағы полиция полковнигі Жанболат Олжабаев.
Жерлестері «Отан соғысы» ордені, үш мәрте «Ерлігі үшін» және бірнеше жауынгерлік медальдің иегері, гвардия аға лейтенанты, ержүрек десантшы, әрі білікті газет қызметкері болған Құспан Олжабаевтың есімін өзі туып-өскен Махамбет ауылындағы бір көшеге берген. Ал, бүгінде бірнеше перзентінен тараған ұрпақ әкенің қарапайым ғана асыл бейнесін қастерлеп, үнемі оның рухына тағзым етеді.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
жазушы, документалист
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА