Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Бір тағдырдың өтеуі немесе майдан даласындағы атастыру

…1943 жыл. Балтық бойына шегінген басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүріп жатқан кез. Орманға қалқаланған зеңбіректерді сиректеу орналастырған 648-артиллериялық полк командирі, подполковник Иван Соколов шабуылға дайындалып жатқан фашистердің үрейін ұшыру үшін жаудың бекініс окобын межелеп дүркін-дүркін атқылауға бұйрық берді. Осылайша қарсыласты бір сескендіріп алып, қарсы жауап болмаған соң 76-миллиметрлік орташа гаубицаның командирі Жайғали қасындағы екі қаруласына бір сәт тыным алып, келесі жауынгерлік тапсырманы күтуді бұйырды. Үш адамның екеуі қазақ болатын.

Қалай келіп қалғанын өздері де аңдаған жоқ, орман арасынан шыға келген немістің бір топ жаяу әскері бұларға дүрсе қоя берді. Күтпеген шабуылдан абдырап қалған олар жандәрмен қарсыласып бақты. Автоматын кезеніп келіп қалған немістен қорғанып үлгерген Жайғали жалт беріп қолындағы қаруын шалт қимылмен жұлып алды. Қасындағы Сәлімге көзі түсіп еді, еңгезердей немістің бірі оған найзалы винтовкасын кезеніп төніп қалған екен. Жайғали серпіліп барып, жамбасынан теуіп қалғанда фашист солдаты жантайып барып құлады. Қайта бұрылып келген бұл қолындағы неміс автоматының шүріппесін басып қалды…

Сөйтіп, немістің 8 сарбазын жайратып салған үшеу өз зеңбірегінің қасына келіп, махоркасын орап шылым шегіп үнсіз отырып қалғанда Сәлім Жайғалидың бетіне бажайлап қарады да:

– Басым жерге тигенше қарыздармын, бауырым!.. Топырақ осы орманның ішінен бұйырған болды-ау деп ойлап едім, — деді.

Жайғали аңғармаған екен, қаншама қанды қырғынды көрген Сәлімнің көзіне мөлтілдеп жас іркіліпті. Оның жаңа ғана ажал тырнағынан аман қалғанына әлі сенер-сенбесін білмей отырғанын сонда байқаған Жайғали:

– Жоқ, Сәлім, олай деме. Менің орнымда басқа біреу болса да дәл солай әрекет етер еді, — деді. Аузына басқа сөз түскен жоқ.

– Егер Алла жар болып елге аман жетсек, екі қарындасымның бірін саған қосуға серт беремін. Қай-қайсысы да қарсы болмайтын шығар!..

Сәлім осыны айтты да орнынан тұрып, зеңбіректі шұқылап кетті. Қастарындағы ұзынтұра Геннадий Ковалев бұлардың не жөнінде сөйлескеніне түсіне алмай, беттеріне кезек қарап отырған. Ол да созалаңдай тұрып, Сәлімнің қасына барды…

* * *

Гурьевтің іргесіндегі Қайыршақтыда 1921 жылы туған Жайғали Бұзаубаев әскерге 1942 жылы қаңтарда қалалық комиссариаттан шақырылды. Осы құрамда Батыс Қазақстан облысының Приуральный аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған 20 жастағы Сәлім Қуанғалиев та бар еді. Әуелі Орынбор облысындағы Александровка селосында жасақталып жатқан 200-двинскілік атқыштар дивизиясының 650-артиллериялық полкінің құрамына түскен олардың әскери құрамасы Солтүстік-Батыс майданына жөнелтілген. Полк сол жылғы 20 сәуірде Ленинград қаласынан 11 шақырым жерде алғаш рет ұрысқа кіргенде Жайғали Бұзаубаевтың өжет іс-қимылын полк командованиесі жоғары бағалап, «Үздік артиллерист» белгісімен, 1943 жылғы 28 ақпанда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

1943 жылы Балтық бойы майданына ауысқан полк құрамында ержүрек артиллерист Латвия мен Эстония жерін басқыншылардан азат етті. 1944 жылдың 25 шілдесінде немістердің қарсы шабуылына жойқын соққы берген 3-екпінді армияға қарасты 650-артиллериялық полктің 1 батальонының көздеушісі, ефрейтор Ж.Бұзаубаевтың мергендігінің арқасында қарсыластар 2 пулемет, 1 зенитка мен 15 солдатынан айырылды. Ал, сол айда барлығы тіке көздеп ататын зеңбірек пен 7 пулеметті істен шығарып, 40-қа жуық жау солдатын жер жастандырған Жайғали осы ерліктері үшін 1944 жылдың 14 тамызында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болған.

Ал, 22 тамызда неміс автоматшыларының қоршауында қалған Бұзаубаев зеңбіректен дәл көздеп атып, жаудың күл-талқанын шығарды. Оған тоқтамаған фашистер өздігінен жүретін қаруын оның зеңбірегіне бағыттап болғанша үздік артиллерист гаубицаның ұңғысын бұрып үлгеріп, жау ұясының күлін көкке ұшырды. Бұл шапшаң қимылын ескерген полк басшылығы оны «Жауынгерлік Қызыл ту» орденіне ұсынса да, Жайғалиға ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені бұйырды.

1945 жылдың 5 мамырында «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», 6 маусымда «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған аға сержант Жайғали Бұзаубаев 1985 жылдың 4 сәуірінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне екінші рет ие болды.

* * *

650-артиллериялық полктің 3-батереясының көздеушісі, кіші сержант Сәлім Қуанғалиев жаудың 4 пулемет, 1 танкке қарсы зеңбірегі мен 1 танкін істен шығарып, 70-ке жуық неміс әскерін жер жастандырғаны үшін 1944 жылдың 14 тамызында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, оған дейін осы тектес қаһармандық іс-қимылы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Қайсарлығы мен шешім қабылдаудағы шапшаңдығын ескерген құрама басшылығы Сәлімді 2-батереяның командирлігіне тағайын-даған еді. Сержант С.Қуанғалиев Зеелен станциясы үшін болған ұрыста қарсы жақтың 40 шақты әскеріне қоса 4 қол пулеметін, 1 миномет және 1 артиллериялық батереясының күлін көкке ұшырды. Ол ерлігі 1945 жылғы 23 ақпандағы бұйрыққа сай «Қызыл жұлдыз» орденімен лайықты бағаланды. Сол жылғы 5 мамырда «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған сержант Сәлім Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ие болды.

* * *

…Сәлім уәдесінде тұрды, елге келген соң Жайғали кіші қарындасы Мәриямен сөзі жарасып, отау көтерді. Бүгінде олардан өрбіген екі ұл, үш қыздан бірнеше буын ұрпақ тарап, бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Ал, Жайғали мен Сәлім соғыстан соң Гурьев мұнай өңдеу зауытына жұмысқа орналасты. Әскери тәртіпке әбден бойы үйренген екеу еңбекке де алғыр болатын. Зауыттағы еңбек жолын Жайғали соғысқа дейін оқып-үйренген оператордың көмекшілігінен бастап, біліктілігін арттырған соң №4 цехтың операторы болып отыз жылдан астам қажырлы еңбек етті. Мұнай өңдеу бағытында еңбек өнімділігін арттырудағы еселі еңбегі үшін Жайғали Бұзаубаев пен Сәлім Қуанғалиев 1966 жылы сол кездегі ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталды.

Бір ғажабы, екеуінің мінезі екі түрлі болатын. Жайғали қиындыққа мойымай, сабырлы қалпынан айныған жоқ, ал қайынағасы Сәлім үнемі көш басында жүретін-ді…

* * *

Қайыршақтылық Бұзаубай Исаевтың Жайғалидан басқа Ерғазы, Серғазы, Майжан, Аққазы, Қажығали, Кенжеғали есімді ұлдары болған. Солардың ішінде Ерғазы мен Қажығалидан өзгелері мүлдем хабарсыз.

1917 жылы туған Қажығали 1938 жылдың 8 қазанында әскер қатарына шақырылып, соғыс кезінде 286-атқыштар дивизиясына қарасты 996-атқыштар полкінің құрамында болған. Соңғы хатты 1943 жылдың 30 қыркүйегінде алған ол желтоқсанда ерлікпен қаза тауып, ол Ленинград қаласындағы Михайлов бауырластар зиратына жерленеді. Гурьевтегі мекен-тұрағы – Жилгородок, 15-корпус, №5 пәтер.

Басқа бір мәлімет бойынша лейтенант Қожғали (құжатта солай жазылған – авт.) Бұзаубаевтың Архангельск әскери округінде кіші лейтенанттар курсында оқып, 1943 жылдың 17 наурызында 8-армияның құрамындағы аталмыш полктің 5-атқыштар ротасының взвод командирі болып келгені, Барское көлінің маңында 1943 жылдың 7 қазанында (басқа дерек бойынша – 12 қыркүйекте) қаза тауып, Ленинград облысының Мгинск ауданындағы Вороново деревнясынан оңтүстік-шығысқа қарай 1500 метр жерде №30 бейітке жерленгені, әйелі Сумарокова (Сумарова, Сумаркова деп те жазылған – авт.) Анна Прокофьевнаның Архангельск облысының Бокорица (Бокурица) деревнясындағы №9 балабақшада жұмыс істейтіні жазылыпты. Бұзаубай Исаевқа «Қожас» деп қол қойып, латын қарпімен 1943 жылдың 19 қыркүйегінде хат жазуына қарағанда, Қажығалиды «7 қазанда қаза тапты» деу шындыққа жанасымды.

Жайғалиқызы Майраның айтуынша, алты ұлынан «қара қағаз» алған Бұзаубай қарт күн сайын ертемен Тұрғындар қалашығында тұратын Жайғалидың үйіне атпен келіп, терезесінің алдынан «Жайжан» деп дауыстап оятып, ұлының жүзін көрген соң ғана кері қайтады екен. Қарттың үйіне соғыстан кейін орыс тілінде жазылған хат келіпті. Бірақ өзге тіл түгілі өз тілінде әріп тануы кем қария оны үйдегі сандықтың түбіне тастай салады. Бұзаубай қарт дүние салған соң ұрпақтары оқып көрсе, хат авторы Анна Архангельскіде әскери курста оқыған Қажығали Бұзаубаевпен ерлі-зайыпты болып бірге тұрғанын, одан перзент сүйгенін жазған екен. Бірақ олармен қарым-қатынас болмаған.

Ал, 1907 (кейбір деректерде 1906) жылы дүниеге келген ағасы – қатардағы жауынгер Ерғазы Бұзаубаев 1943 жылдың 1 наурызында ауыр жараланып 92-медициналық эвакуациялық пунктінің (МЭП-92) 400-эвакогоспиталіне түсіп, келесі күні қайтыс болыпты. Тағы бір деректерде 1906 жылы Гурьев қаласында туған оның 1942 жылдың 9 қыркүйегінде Гурьев ҚӘК арқылы әскерге алынып, сол жылғы желтоқсанда хабарсыз кеткені, Тамбов қаласында 5238 жауынгердің ішінде Воздвиженское зиратына жерленгені, Гурьевтегі мекен-жайы (жилгородок 441-завода, корпус №13) көрсетілген.

Бұл мәліметтерді Ресей Қорғаныс министрлігінің «Память народа» сайтынан таптық. Ал, Бұзаубай қарттың өзге ұлдары жөнінде өзге дерек кездеспеді.

Ескеретін жайт, Майра ұсынған бірнеше жауынгер хаты латын қарпімен майдан даласынан жазылған. 1943 жылдың 10 қаңтарында Ерғазыдан, 13 қыркүйекте (кімнен екені түсініксіз), 19 қыркүйекте жоғарыда айтқан Қожастан, 9 қарашада Майжаннан келіпті. Бәрі де өздерінің мекен-жайын «Полевая почта» деп көрсетеді де, Майжан ғана «Сталин облысы, Большой талма» деп нақты көрсеткен. Интернет арқылы білсек, бұл Украинадағы Донецк облысының бұрынғы атауы екен. Соған қарағанда, Бұзаубай қарттың Майжаны Украина жеріне дейін аман жеткен. Одан арғы тағдыры беймәлім. Әкесіне жазған хатта ол госпитальде жатқанда 1000 сом ақша салғанын, соның хабарын сұрапты. Біздің білуімізше, Бұзаубай қарияның тағы екі ұлы Белоруссия жерінде, енді бірі Харьков түбінде қыршынынан қиылған.

* * *

Бір ғажабы, өмір мен өлім сәт сайын беттесіп жатқан майдан даласында да ұлттық дәстүрін ұмытпаған алаштың ұлына қайран қалдық. Ал, қан кешіп жүрсе де әкесінің қиналғанын ойлап қамыққан ұлдың хатын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Әлбетте, бұл – бір ғана әулеттің бастан кешкені!..

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button