Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Батырдың есімі ұмытылмаса екен

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңісіне – 80 жыл. Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде сол ардагерлеріміздің де қатары сиреп бара жатқандығы жанға батады. Батыр бабаларымыздың қатары азайғанымен, олардың Отанын жанқиярлықпен жаудан қорғаған көзсіз ерліктері туралы естеліктер ұрпақтан ұрпаққа мұра қылып таратылып, жас буынды елжандылыққа тәрбиелеуде үлгі-өнеге болуы тиіс.  

Ардагерлерді құрметтеу – баршамыздың парасатты парызымыз. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы. Өкінішке орай, бұл туралы жиі ойлана бермейміз. Көзі тірі соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп жататыны анық. Ал сұрапыл соғыстың ауыр зардабын тартып, жеңіспен елге оралған соң соғыс қиратқан ел экономикасын қалпына келтіру жолында бел шешпей ел игілігі үшін ұзақ жылдар бойы ерен еңбек етіп, туған жерінің гүлденуі жолына бар ғұмырын арнаған, бүгінде арамызда жоқ майдангерлер туралы не білеміз? Олар туралы естеліктерді жиі естіп жүрміз бе? Әлде олардың есімдері мен ерлік істері, елге сіңірген ерен еңбектері тек өз ұрпақтарының есінде ғана қалған ба? 

Сондай майдангердің бірі – Қаженов Шаңқұл 1913 (1915) жылы Гурьев облысы Еспұл ауданы (1917 ж. төңкеріске дейін Орал губерниясының Калмыков ауданы), қазіргі Атырау облысы Индер ауданы №1 ауылда туған. Қаршадайынан еңбекке араласып, ересектермен бірге жұмыс істеуге бел буған ол 1931 жылы он алты жасындағы бозбала шағында  еңбек сауалнамасына тағы 2 жыл қосып, өзін 18 жасқа толған азамат етіп көрсетіп, еңбек жолын жұмысшы болып бастайды. Бұғанасы қатпаған бозбала болғанына қарамастан ата-анасына қолғабыс болып,  еңбек етуді мақсат еткен жас өрен  Шаңқұл жаспын деп именбей, өзінен жасы үлкендермен қатар жұмыс істеп, еңбектің көрігін қыздырады.

Тарихтан білетініміздей, сол кездегі елдің жағдайы мәз емес еді.1932-1935 жылдары Гурьев облысы Еспұл ауданындағы Передовик колхозының мүшесі болып жұмысын жалғастырды. «Индерборстрой» тресінің Индер борат кенішінің құрылысы басталған шақта 1935 жылы жұмысшы болып аталған құрылыс нысанына жұмысқа орналасқан жас жігіт Шаңқұл кеніш іске қосылғаннан кейін алдымен техникалық жабдықтау қоймасында жұмысшы болса, соғыс басталғанға дейін техникалық жабдықтау таразышысы болып жұмыс істейді. 

1941 жылдың маусым айында елге неміс басқыншылары шабуылдап, басып кіріп, Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғашқы еріктілер қатарында Қаженов Шаңқұл да майданға аттанды. Сол кезде 28 жаста болған ол соғыстың үшінші күні-ақ Отанын жаудан азат ету үшін алғашқы еріктілердің сапында қолына қару алып, жауынгер атанған еді.  

Ұрыс даласында ол атақты 218-ші Ромодан-Киев «Қызыл Ту Ленин» орденді және Суворов орденді атқыштар дивизиясының 658-ші атқыштар полкінің сапында Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев қолбасшылық еткен 1-Украина майданының 3-гвардиялық армиясының құрамында неміс фашистерімен шайқасты. Отанын жаудан азат етуді мақсат етіп, майданға аттанған жас жауынгер  сержант шенінде болатын. Батыр сарбаз жаумен бетпе-бет келіп, кескілескен шайқастар кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының «Гвардия» төсбелгісімен марапатталды.

Автоматшылар взводын басқарған сержант Қаженов Шаңқұл батылдық пен батырлық танытып, өзінің үлгісімен сарбаздарын жауға жан аямай тойтарыс беруге жігерлендірді. Отан алдындағы жауынгерлік борышын адал атқаруды өзіне үлкен мақсат еткен жас сарбаз 1942 жылы ол ВКП (б) қатарына қосылды.

Батыс Украинаның   Волынск облысындағы  Локач, Крупениче және Селец елді мекендерін жаудан азат ету кезінде неміс басқыншыларымен болған шайқастарда сержант Ш.Қаженов қайсар, ержүрек және батыл жауынгер ретінде ерен ерлігімен көзге түсті. 

1943 жылы Курск шайқасында оның взводы жаудың қоршауына түсіп қалады. Шайқас кезінде командир қаза табады да, Ш. Қаженов шұғыл шешім қабылдап,  командирдің міндетін өзіне алып, сарбаздарға рух беріп, жаудың 7 қарсы шабуылына тойтарыс береді және  өзі жеке қаруымен 17 немістің көзін жояды. Осындай көзсіз ерлігі үшін жас жауынгер «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 

1941 жылы майданға алынып, Кеңес Армиясы қатарындағы қызметін қатардағы жауынгерліктен бастаған Ш.Қаженов взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілді. Бойындағы бар күш-жігерін, жастық жалынын Отанын жаудан азат етуге арнады, туған жеріне жеңіспен оралуды мақсат етті.

1944 жылы 16 шілдеде автоматшылар тобымен жау шебіне басып кіріп, 5 фашисті жеке қаруымен жойып, жаудың 7 кескілескен қарсы шабуылын тойтарып тастайды. Неміс офицерін өлтіргеннен кейін оның маңызды құжаттары бар планшетін иеленген. Полк командирі бұл планшетті Ш.Қаженовке сый ретінде табыс етіпті, көзсіз ерліктің куәсі болған сол планшет батырдың отбасында әлі күнге дейін сақталуда.

Фашист басқыншыларына қарсы күрес майданында қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және гвардияшылардың жеке батылдығы, ерлігі мен ержүректігі үшін Гвардия сержанты Шаңқұл Қаженов бірнеше әскери наградалармен марапатталған. «Қызыл жұлдыз» орденімен қатар ІІІ дәрежелі «Даңқ» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, сонымен қатар «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жиырма жылы 1941-1945», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған еді. 

1944 жылы шілдеде Батыс Буг өзеніндегі жаудың 2 шеп бекінісін жарып өтіп, Висла өзені  арқылы жылжумен  Польшаның Сандомир қаласы маңындағы плацдармды алуға бағытталған шайқасқа жас жауынгер белсене қатысып, кескілескен ұрыстарда ауыр жараланады. Жарақат салдарынан оң аяғы кесіліп, бүйрегі алынды. Дұрыс жасалмаған медициналық ампутацияның кесірінен оның аяғы бірнеше рет арамен тірідей кесілген.

Ауруханаларда ұзақ емделген Қаженов Шаңқұл туған жеріне соғыс аяқталған соң 1946 жылы қарашада оралады. Елге келген соң да мүгедектігіне қарамастан, соғыс қиратқан экономиканы қалпына келтіру ісіне тікелей араласуды өзіне парыз санаған батырды Индер аудандық партия комитеті өз жолдамасымен «Индерборстрой» азық-түлікпен қамтамасыз ету бөліміне асхана меңгерушісі етіп тағайындайды. Осы жерде ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарып, 1952 жылы жұмысшыларды қамту бөлімі «Наубайханасының» бастығы лауазымына тағайындалады. Бұл жердегі қызметінде де алғырлық танытқан Ш.Қаженов өндірістік жоспарды орындауда қол жеткізген жақсы көрсеткіштері үшін ауданның Индер аудандық партия комитеті мен Индер борат кеніші (ИБК) басшылығы тарапынан бірнеше мәрте мадақтауларға ие болды. 

1965 жылы Индер борат кеніші жұмысшыларды қамту басқармасы асханасының меңгерушісі болып тағайындалып, 1974 жылы  өмірден озғанға дейін осы қызметте болды. Сол кездегі ұйымдастырылатын социалистік жарыста ол басқаратын асхана үнемі алдыңғы қатардан көрінді.

Қаженов Шаңқұл өмір бойы Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда болған кездерін есептемегенде туған жері Индер ауданы Индер ауылында тұрып, Отанының игілігі үшін еңбек етті. Адал атқарған еңбегінің арқасында өз ортасында сый-құрметке бөленді.

Жұбайы Дәмешпен бірге төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді, өнегелі отбасында  үлгілі тәрбиемен өскен перзенттері Кеңес Одағының жоғары оқу орындарында жақсы білім алып, Отаны – Қазақ КСР-ы, тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін абыройлы еңбек етуде.

Бүгінде Қаженов Шаңқұл мен Қаженова Дәмеш Берікбосынқызының ұрпақтарының өз отбасылары, балалары бар. Егемен Қазақстанның игілігі жолында еңбек етіп жүрген немерелері де өз шаңырағын құрды. Қазірдің өзінде шөберелері де бар. Батырдан тараған ұрпақ ата жолына адалдық етумен елінің игілігін арттыру үшін тынбай еңбектенуде. Майдангер аталарының атына лайық болуды мақсат еткен батырдың ұрпағының бүгінгі арманы – даңқты бабасының аты ұмытылмаса екен, оның елінің бақытты болашағы үшін жасаған ерен ерлігін ел ағалары ескеріп, өзі туған жерінде жерлестері жыр қылып айтып жүрсе, сөйтіп, елі мен жерінің кемел келешегі үшін жанын пида қылған батырдың есімі ел есінде сақталса екен деген тілек. Ұлы Жеңістің  80 жылдығы  тойланар тұста Қаженов Шаңқұл сынды батыр майдангер аталарымыздың рухын ұлықтап, ерлігін ел есінде сақтау үшін ардагердің өзі туып-өскен, оның өркендеп, гүлденуі жолында тер төгіп, еңбек сіңірген  ауылындағы көшенің біріне оның аты берілсе, өскелең ұрпақ өзінің бейбіт өмірі үшін жанын аямаған батыр аталарының ерлігін қадір тұтып, есімін ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге мүдделі болар еді! Әйтпесе, еліміздің ертеңі үшін өз жандарын аямай жаумен шайқасқан батыр аталарымыздың есімдері уақыт өте келе жылдардың жылжуымен ел жадынан өшпесіне кім кепіл бола  алады? Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз үшін қан майданда қасық қаны қалғанша Отанын жаудан қорғаған батыр ата-әкелеріміздің алдындағы перзенттік парызымызды қалай өтемекпіз?!  

Қаженов Аманбек Шанкулұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button