Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Атырауға “Ардагер өсиеті” аманатталды

Атырауда “Ардагер өсиеті” республикалық жастар марафоны өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған марафон аясында Батыс Қазақстан облысынан Атырауға жеткен өсиет хатты табыстау рәсімі «Жеңіс» саябағында салтанатты түрде ұйымдастырылды. Мемлекеттік Әнұранмен басталған іс-шара Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға ұласты. Сондай-ақ, басқосуға белсене қатысқан 60-қа жуық жас мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.


–Шыны керек, бұл хатты оқығанда көзге жас үйірілді. Бұл жәй хат емес, ұлттың рухын көтеретін жазба. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінен марафон ұсынылды. Марафонның аясында ардагерлерге құттықтауды жеткізу – біздің міндетіміз, — деді Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева.

Төменде өсиет хатты оқырман назарына қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

Айналайын, жас ұрпақ!

Уақыт шіркін, жүйрік қой. Кеше ғана жүрегім «елім» деп соғып, қасиетті Отанды қорғауға аттанған едім. Бүгінде майдан даласынан Жеңіспен оралғаныма 80 жыл толып отыр. Жастық шағымды жанкешті күреске арнадым. Өмірімнің көктемі от пен оқтың ортасында өтті.
Қан майданның қасіреті мен қайсарлығы әлі де жадымда. Жолдастарым – кешегі боздақтар, бүгінгі ұрпақ үшін жанын қиған ардақтылар. Олар таңдауын өз пайдасы үшін емес, туған елдің тағдыры үшін жасады. Біз – солардың аманатын арқалап қалған санаулы сарбаздармыз.

Қымбатты, жас дос! Мектеп табалдырығын аттап, балалық шақтан болашаққа қарай қадам басып келесің. Егер сен осы өсиет хатты оқып отырсаң – демек, азамат атандың, болашағың алдыңда. Енді иығыңа елдің үміті мен аманаты жүктеледі.
Есіңде болсын: артық қазына – кітапта. Білім – болашақтағы қаруың. Уақытыңды бекерге шашпа, рухани өсуге, ізденуге жұмса. Өзіңді таны, еліңді сүй, халқыңды құрметте!
Ата-анаң – саған өмір сыйлаған қос шырақ. Олардың ақ тілеуі мен мейірімі – сенің өмірдегі ең асыл қорғаның. Оларды қадірлеу – азаматтық парызың.
Еліміздің ертеңі өздеріңнің қолыңда. Кемел келешек, жарқын болашақ ақылдарың мен адал еңбектерің арқылы жүзеге аспақ. Мен сендерге – жүрегі елім деп соғатын жас патриоттарға зор сенім артамын. Батыр бабаларыңның рухына лайық болып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестеріңді қоса беріңдер!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елдігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button