
Атыраудан – елдік пен бірлік рухымен
Ел мен жер үшін еңіреп соғысқан ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Астана қаласында өткен ерекше парад — қос мерекені біріктірген, ел тарихындағы тағылымды оқиға ретінде есте қалды. Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл әскери салтанатты шеруге Атырау облысынан арнайы барған 14 адамнан тұратын делегация да қатысты.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен бұл әскери парад — өткенге тағзым, бүгінге сенім, болашаққа аманат болған ауқымды шара. Жеңістің 80 жылдығы секілді тарихи белестің Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келуі — мерекенің маңызын еселей түсті. Қосрухты атаулы күн елдің ерлік шежіресін жаңғыртып, батыр бабалар жолын жалғаған бүгінгі ұрпақтың бірлігін айшықтады.
Атырау облысынан қатысқан делегация құрамында облыстық, қалалық, аудандық және селолық ардагерлер кеңесінің төрағалары, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс салаларының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері болды. Олар парадта сап түзеп, салтанатты шараның тікелей қатысушысы ретінде ел тарихына куә болды.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев парадқа қатысу үлкен жауапкершілік екенін айтты.
– Бұл — тек әскери шеру емес, бұл — ұлттың жадын жаңғыртатын, ерлік рухын ұлықтайтын елдік шара. Сонау сұрапыл 1941-1945 жылдары Отан үшін от кешкен бабалар рухына тағзым ретінде ұйымдастырған парадқа еліміздің әр өңірінен өкілдер қатысты.
Үлкен тарихи сәтке куә болдық. Жеңіс жолында жанынқиған боздақтарды еске алу, олардың ерлігіне тағзымету — әр ұрпақтың қасиетті борышы. Қазір, өкінішкеқарай, біздің облыста соғыстың тірі куәгерлері санаулығана. Дегенмен олардың ерлігі мен аманаты — біз үшін қасиетті.
Шеру барысында әр қадамымыздың артында бір тағдыр жатқанын сезіндік. Жеңіс — бір күннің емес, жылдар мен ұрпақтардың еңбегі. Парадқа қатысу — біз үшін мақтаныш әрі үлкен рухани серпіліс болды
Атыраудан барған топ мүшелері — соғыс көрмесе де, сол жылдардың зардабын естіп, жүрегімен сезінген жандар. Бейбіт күнде ұрпағымызбен бірге Жеңісті тойлап, еліміздің қуатты армиясын көзбен көрдік, — деді ол.
Атыраулық топ парадқа қатысып қана қоймай, елордада өткен бірқатар мәдени-рухани іс-шарада болды. Осылайша, қос мерекені бір парад аясында қарсылаған Атырау делегациясы елге ерекше әсермен оралды. Олар тек шеру көріп қана қоймай, елдік рухты бойларына сіңіріп, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің жауапкершілігін де сезініп қайтты. Жеңіс күніндегі парад — бұл бүгінгі бейбіт өмірдің қандай құнмен келгенін ұмыттырмайтын, елдік пен ерлік ұғымының мәңгілік екендігін көрсететін тағылымды сәт.
Қаншама тағдыр, қаншама жанкештілік жатыр сол соғыстың артында. Бұл күн — құрмет пен естеліктің, бірлік пен бейбіт өмірдің символы.
Айта кетелік, облыста 48 мыңдай зейнеткер бар. Олардың 312-сі тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ
Сурет: akorda.kz