
Атырауда «Одна на всех» кітабының тұсауы кесілді
Бүгін Атырау қаласында 1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде Отан қорғаған Гурьев (қазіргі Атырау) облысы тұрғындарының ерлігіне арналған «Одна на всех» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Бұл бірегей басылымда соғысқа қатысқан ардагерлердің өмірбаяндары, олардың майдандағы күрес жолы мен ерлікке толы тағдыры кеңінен қамтылған. Сонымен қатар кітапта тұтқындар мен концлагерь тұтқындарының естеліктері, соғыс салдарынан балалық шағы түбегейлі өзгерген балалардың жан тебірентерлік хикаялары топтастырылған.

Басылымның ерекшелігі — онда соғыс жеңістері ғана емес, майдандағы жауынгерлер мен олардың отбасыларының басынан өткерген қиындықтары, күнделікті өмірі, үміт пен уайымы жан-жақты суреттеледі. Бұл тек тарихи деректер жинағы емес, соғыс жылдарындағы қарапайым адамдардың тағдырын шынайы бейнелейтін өмірлік құжат.

Кітап авторларының басым бөлігі — жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби журналистері. Олар ардагерлермен тікелей сұхбат жүргізіп, майдангерлердің естеліктерін қаз-қалпында жеткізуге тырысқан. Сондай-ақ басылымда соғыс жылдарындағы Гурьев қаласының күнделікті тыныс-тіршілігі мен маңызды оқиғалары өңірлік мұрағаттар мен сол кездегі газеттердегі материалдар негізінде баяндалған.
Бұл кітап – тек өткенге тағзым емес, бүгінгі ұрпаққа аманат. Соғыстың адам жанына салған жарасы мен ауыртпалығы, сол кездегі халықтың төзімі мен ерлігі осы еңбекте жан-жақты сипатталған.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ