
Атырауда мұғалімдер арасында патриоттық әндер байқауы өтті
Патриоттық әндер – тарихпен тілдесудің, ұлтпен үндесудің ең әсерлі әрі терең жолы. Әсіресе, Ұлы Отан соғысының жауынгерлік рухын, бейбіт өмірдің құнын сезіндіруде әннің орны ерекше. Сондықтан мұндай әндер халықтың жүрегінде мәңгі жаңғырып, келер ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік пен құрметті дарытады.

Осы мақсатта облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Батырларға тағзым» атты жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері арасындағы патриоттық әндер байқауы өтті.
Салтанатты іс-шарада сахна шымылдығы соғыс жылдарының рухын жеткізген әсерлі жырлармен ашылып, көрерменді бірден терең тебіреніске бөледі. Облыстың түкпір-түкпірінен келген ұстаздар ансамбль, хор және жеке орындаушы номинациялары бойынша бақ сынады. Олар «Катюша», «День Победы», «Майский вальс», «Әлия», «Жеңіс күні» сынды қазақ және орыс тіліндегі танымал патриоттық әндерді ерекше шабытпен орындап, көркем сахналық образдармен көрермен көзайымына айналды.
Қазылар алқасының құрамында – өнер саласының тәжірибелі мамандары мен музыка оқу орындарының жетекшілері болды. Олар қатысушылардың вокалдық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, патриоттық мазмұн мен тақырыптық үйлесімділігіне назар аударды.
Байқау соңында жеңімпаздарға Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының дипломдары мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің қаржылай сертификаттары табысталды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН