
Ұлы ойшылдың мұрасы және жаңа бастамалар
Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Қазақ халқы үшін бұл мерейтой тек бір жылдық қуаныш емес, бұл – ғасырлар бойы халықтың жадында сақталып, санасында терең із қалдырған ұлы ойшылдың ойлары мен шығармашылығының тағы бір рет тереңірек зерделеніп, жаңғыртылу сәті.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің рухани жаңғыруы жолындағы маңызды бастамаларды қолға алуға шақырды. Бұл бастаманы жүзеге асыруға деген ұмтылысымыз бүгінгі таңда цифрлық платформа форматында іс жүзінде жүзеге асып, қазақ тілін үйретуге арналған бірегей құрал ретінде жұмыс істеп келеді.
Алайда, бүгінгі күні біз тек цифрлық платформа аясында ғана шектелмей, осы бастаманы әрі қарай кеңейтіп, оны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажетпіз. Мұндай мекемелер әлемнің ең ірі мәдени орталықтарымен тең дәрежеде жұмыс істейтіндей болуы тиіс. Мысалы, Конфуций институты немесе Гете институты сияқты дүниежүзіне танымал мәдени орталықтардың үлгісін ала отырып, Абай институтын да қазақ мәдениетін кеңінен насихаттайтын және түрлі елдерде өз жұмыстарын жүргізетін орталықтарға айналдырса өте керемет болар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қоры, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтарды ашу мәселесі сөз болған еді. Бұл бастама қазақ халқының рухани әлеуетін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Әрбір ұлт өз болашағын өткенінен, мәдениетінің асыл мұрасынан іздейді. Сондықтан, Абай институты мен оның бастамалары – бұл тек біздің ұлы ақынға деген құрметіміз емес, қазақ халқының болашаққа деген сенімі мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесі.
Анаргүл ТӨЛЕУОВА,
Қаракөл орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Қызылқоға ауданы