
Ұлттық Құрылтайда жасыл экономиканың дамуын тежеп тұрған мәселелер көтерілді
Ұлттық құрылтай осы жолы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бірінші күні әртүрлі секциялық жиындар өтті. Мен өзім екі бағытқа қатыстым: біріншісі — азаматтық қоғам, екіншісі — экономикалық-әлеуметтік мәселелер бойынша. Екеуінде де сөз сөйледім.
Біздің «Байтақ» жасылдар партиясы экологиялық бағытта, жасыл экономиканы дамытуға жұмыс жасап жатқан партия ретінде елімізде жасыл экономиканың дамуын тежеп тұрған мәселелерді көтердім. Біріншіден, экологиялық жобаларға қаржыландыру бөлу қажет екенін айттым. Бұл қаржыландыру экологиялық эмиссиядан түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар қайта өңдеу үшін үлкен өндірістік қалдықтардың қазіргі уақытта көбісі жекеменшікке алынып қойған. Оларды мемлекетке қайтарып, инвесторларға беру, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық төлейтін жаңа көздерді табу қажет екенін жеткіздім.
Сонымен қатар Парламенттің кейбір депутаттары заң жобалары бағытында жеткілікті жұмыс жасамай жатқаны туралы да айтылды. Парламентте бай олигархтардың және ірі компаниялардың лоббистері отырғаны жөнінде мәселе көтерілді. Бұл пікір көпшіліктен қолдау тапты. Оны шешу жолдары да талқыланды.
Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтайдың негізгі жиынында Президент көптеген мәселелерді көтерді. Соның бірі — «Таза Қазақстан» жобасы. Бұл жоба тек ағаш отырғызу мен тазалыққа ғана емес, жүйелі жобаларға айналуы керек екенін айтты. Ол идеология мен экономикалық бағытқа жұмсалуы тиіс деді.
Сонымен қатар, ядролық энергетика бойынша арнайы агенттік құрылатыны хабарланды. Бұл — өте маңызды қадам. Өйткені Қазақстан болашақты ойлауы керек. Мұнай-газдан түсетін қаражат пен энергияны алмастыратын жаңа энергия көздерін қарастыру қажет. Бұл бағытта ядролық энергетика агенттігі басты рөл атқарады. Сондықтан бұл — өте қуанышты жаңалық. Біздің партиямыз да осы бағытта жұмыстар атқарып жатыр.
Азаматхан ӘМІРТАЕВ, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Baytaq» партиясының төрағасы