Ұлттық идеологияны қалыптастырудың негізгі тетігі айтылды
Ұлттық құрылтайдың ІІІ мәжілісінде сөз алған академик Оразалы Сәбден негізгі екі мәселеге тоқталды. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде әуелі хакім Абайдың «Толық адам» ілімін тереңдете түсуді ұсынды.
– Ол қоғамда адамды ізгілендіруді көздейді. Сананы өзгертіп, дәуір үніне сай жаңарту керек. Сондықтан зиялылардың қатысуымен «Толық адам» ілімін күнделікті өмірге енгізудің жол картасын жасау қажет. Бұған дейінгі еңбектерді де пайдалана отырып, әр саланың қызметіне енгізген жөн, – деді академик О.Сәбден.
Белгілі экономист ол үшін студенттерге абайтану пәнін оқыту, мекемелерде Абай кабинеттерін ашу, жұмыс орындарында абайтану хабарын тыңдау қажет екендігіне баса тоқталды.
– Біз Абайды бүлдіршіндерге балабақшадан бастап үйретуіміз керек. Өзіміз оны арифметика кестесіндей жақсы білуіміз қажет. Оған толық дендей біліп, қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана экономикалық бай, қуатты бола аламыз. Экономист ретінде айтайын, халықты ізгілендіру, сананы ояту, адамды дұрыс жолға қою – қиынның қиыны. Оған көп уақыт кетуі де мүмкін. Досымыз да, ұтылатын жеріміз де зымырап өтіп бара жатқан заман. Қай мәселеге бұрылсақ та тек санаға келіп тірелеміз. Жастарды оқыту керек. Сонда біз өркениетке бет бұра аламыз. Абайдың жол картасы аясында абайтану пәнін студенттерге оқыту керек. Сонда ғана біз Абайға қарай біраз жылжимыз, – деді академик.