
Құрылыстың көбейгені — жақсылықтың нышаны
Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы барлық салада, соның ішінде құрылыста атқарылып жатқан жұмыстардың барысын да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, құрылыс индустриясының өсу қарқыны бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткенін айрықша атап өтті.
Осылайша, өткен жылдың өзінде елімізде жалпы ауданы 19 млн. шаршы метр тұрғын алаң пайдалануға берілген. Бұл осыдан алты жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4 млн. шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып отыр. Тұтастай алғанда, 2019–2024 жылдар аралығында республикада барлығы 97,8 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл қазақстандық ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етті. Бұдан басқа, осы кезеңде 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде, орын тапшылығы 6 есе қысқарған. Студенттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 624 мың азаматтың оқуын алаңсыз жалғастыруына жағдай жасалған.
Осындай ауқымды жұмыстар еліміздің өзге өңірлеріндегі тәрізді Атырау облысында да жоғары қарқынмен жалғасуда. Өмірдің өзі дәлелдегендей, құрылыстың көбейгені – халықтың әл-ауқатының, тұрмыс деңгейінің көтерілгенінің көрінісі, жақсылықтың нышаны деп білемін.
Дәуіт ЕСЕНӘЛИЕВ,
құрылыс саласының ардагері
Атырау қаласы
Сурет: gov.kz