
«Қазақ» атауының қайтарылуы – тарихи әділдік орнатудың бастауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ХХІ ғасырдағы ел тағдырына қатысты айтқан сөзі біз үшін аса маңызды әрі өзекті: «Ұлттық тарихымызда талай тарихи белестер бар, бірақ біз үшін ерекше маңызы бар бір сәт – өзіміздің байырғы атауымызды қайтарып алуымыз. Бұл – тек атау ғана емес, бұл – біздің мемлекетіміздің тарихы мен болашағына деген құрметіміздің айқын белгісі». Президенттің осы сөздері бүгінде қазақ халқының атауын қайтару ісінің мәнін тағы да айшықтап, ұлттың тарихи әділдікті қайта орнатуға жасаған қадамын барынша толық түсінуге мүмкіндік береді. «Қазақ» атауының қайта оралуы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздік жолындағы күрестің жемісі әрі мемлекеттілігіміздің нық қадамымен тарихтағы әділетсіздіктің түзелгендігін көрсетті.
Қазақтың «қазақ» деп аталуы – тек лингвистикалық мәселе емес, ол ұлттың өзіндік болмысын, тәуелсіздігін және еркіндігін қайта орнатудың белгісі. Бұл – ұлттың өз тарихына, мәдениетіне деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрсететін ең маңызды қадамдардың бірі болды. Сәкен Сейфуллин мен сол кездегі қайраткерлердің тарихи шешімі бүгінгі күні ұрпағымызға үлгі.
Президенттің сөздері осы тұрғыдан ерекше мәнге ие. Ол өз сөзінде: «Ұлттық тарихымыздың әр кезеңі бізге қымбат. Бірақ ең бастысы, қазақтың атауын қайтару – біздің тәуелсіздігіміздің негізі, ұлтымыздың рухани жаңғыруы мен өркендеуінің кепілі болып табылады», – деп атап өтті. Осылайша ұлттың болашағы үшін әрбір қадамның маңызы ерекше екенін түсіндіре отырып, ол бізге ұлттық тарихты, оның басты құндылықтарын құрметтеу қажеттігін тағы да ескертті.
Ұлттық тарихымыздағы осындай маңызды оқиғаларды ұмытпай, олардың терең маңызын әрдайым есте сақтауымыз керек. Бұл – ұлтымыздың болашағы мен ұлттық бірлігін нығайтуға бағытталған шешуші қадам. Әрбір қазақ өз тарихын, ата-бабасының ерлігін, мәдениетін ұмытпауға, оның құндылықтарын бағалауға, өз елін құрметтеуге тиіс.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы