Жарнама
Ұлттық құрылтай

Цифрлық трансформация: мемлекет дамуындағы жаңа кезең

Жасанды интеллект – мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың маңызды элементі. Сол арқылы мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жасанды интеллекттің мемлекеттік қаржыны басқару сапасын жақсартуға, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, мемлекеттік сатып алулар жүйесін оңтайландыруға және азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

–Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр.
Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Президент.

ЖИ-ді мемлекеттік басқаруға енгізудің негізгі артықшылықтарының бірі – рутиналық міндеттерді автоматтандыру. Бұл әкімшілік функцияларды орындауға кететін уақыт пен қаржылық шығындарды азайтады. Машиналық оқыту әдістерін қолдану арқылы үлкен көлемдегі деректерді талдау әлеуметтік-экономикалық дамудың заңдылықтарын анықтауға, үрдістерді болжауға және негізделген стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЖИ технологияларын пайдалану мемлекеттік процестердің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және бюджет қаражатын тиімді бөлуді қамтамасыз етеді.

Жасанды интеллект технологияларын қолдану «Ақылды мемлекет» (Smart Government) тұжырымдамасын дамытуға да ықпал етеді. Бұл басқару процестерін цифрландыруға, автоматтандырылған шешім қабылдау жүйелерін интеграциялауға және болжамдық талдауды қолдануға негізделген. Электрондық үкімет жүйесінде интеллектуалды шешімдерді енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартып, әкімшілік кедергілерді төмендетіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы бағытта жоғары оқу орындары да маңызды рөл атқарады. Қазақстандағы жетекші университеттер, соның ішінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық технологиялар саласында мамандар даярлауда. Университеттің білім беру бағдарламалары IT-индустрияның, мұнай-газ секторындағы цифрлық шешімдердің және мемлекеттік басқарудағы заманауи технологиялардың талаптарына сай бейімделуде. Қазақстандағы ЖИ технологияларын дамытуды жеделдетуге және оларды әртүрлі салаларда, соның ішінде мемлекеттік басқаруда тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Осылайша, жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың ажырамас құралына айналып келеді. Ол басқару жүйесінің тиімділігін, ашықтығын және қоғам қажеттіліктеріне бағытталуын қамтамасыз етеді. ЖИ технологияларын одан әрі дамыту және оларды мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау кешенді тәсілді талап етеді. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды және ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлауды қамтиды.

Алмагүл ҚҰБАШЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button