Тегіне тартқан таутұлға

kazhymgaliev Саясат

Белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев – 80 жаста

…Иә, қырқыншы жылдардың балаларын жұртшылық арасында осылай атау қалыптасқан. «Бәрің тірі қалдың ба қарығанда, Қырқыншы жылдардың суықтары» деп жырлаған болатын ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өзінің замандастары туралы өлеңінде. Соғыс балалары ерте есейді, ерте азамат атанып, ат жалын тартып мінді. Өйткені, өмірдің талабы, тағдырдың тауқыметі, желкеге мінген жоқшылық оларға үлкен жауапкершілік жүктеді. Олар майданға кеткен әкелерінің орнын басып, боздақтарын қан майданға аттандырып, қаңырап қалған ауылда қаусаған кәрі қариялар мен күйеуінен айырылып, қан жылаған аналарға сүйеніш болды.

  • «Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Айырбастап күлшемді қорғасынға» деген Мұқағали өлеңіндегі ащы шындық олардың әрқайсысының басынан өтті. Сөйтіп жүріп шыңдалды, тағдырдың талқысы оларды балалық шақпен ертерек қоштастырды, ертерек өмірдің күрес аренасына шығарды. Өздерінің басынан жетімдік пен қиындықты өткеріп, шыңдалған соғыс балалары қан майданнан оралмаған әкелерін жоқтатпады, ел мен жердің киесі мен қасиетін ұғып, қадірін түсінді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің тағдыры да дәл осылай өрілген болатын.

Өмірзақ Қажымғалиұлы әкесі майданға аттанғанда жасқа да толмаған екен. Жарын қантөгіске аттандырған анасының бар тілегі ұлын аман сақтап, азаматының шаңырағын шайқалтпау, отын өшірмеу болған еді.

«Жалынған, ғазиз анам сұрап қалған,

Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.

Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,

Өйткені ол үйімізден тірі аттанған» деп Мұқағали ақын жырлағандай, Өмірзақ Қажымғалиұлы да әкесі жоқ дегенге сенбей өсті. Кішкентайынан анасына қолғанат болған ол үлкен абыз қариялардың айтқанын көкірегіне түйіп алатын зерек бала атанды. Отбасылық жағдайды, елге салған соғыстың ауыртпалығын жастайынан көріп, біліп, сезініп өскен ол мектеп бітірісімен ауылшаруашылық техникумына құжатын тапсырды. Бірақ, өзі жанындай сүйетін көркем әдебиетті, қасиетті қаламды есінен шығармады.

Техникумын бітіріп, елге келіп, фермада меңгеруші болып қызмет ете жүріп, Алматы ауылшаруашылық институтын сырттай оқып, бітірді. Сөйтіп, заман талабына сай жоғары білімді маман ретінде аудандағы ұжымшарларға басшылық қызметке ұсынылды. Өз ісін жақсы білетін ол ұжымшарды басқарған кезінде елдің көңілінен шыға білді. Күндіз күлмей, түнде ұйықтамай өзінің жауапкершілігіндегі ұжымның жағдайын жақсарту мақсатында үнемі іссапарларда жүретін. Озық тәжірибені үйреніп, ауылшаруашылығындағы жаңа-лықтарды өз ісінде ретімен қолдануға тырысты. Басқарған ұжымшарлар коммунистік еңбектің екпіндісі атанып, үнемі жеңімпаз атанды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі ол басқарған сол кездегі «Коммунизм жолы» ұжымшарын айналып кеткен жоқ. Заман қабағын қалт жібермей баға білуінің арқасында ұжымшарды таратпады, «Мақаш атындағы кооператив» етіп қайта құрды. Бүкіл елдің нәсібі мен нәпақасы осы ұжымшар арқылы келетінін жүрегімен сезінген ол сол бір қиын-қыстау кезеңде де жол тауып, өтпелі кезеңнің өткелегінен өз қол астындағы ұжымды аман-есен өткізді. Бұл – Өмірзақ Қажымғалиевтің елдің бәрі білетін еңбек жолы.

  • Жазушылық жолдағы «Жанкешу»

Ал, оның қаламы төселген жазушы екенін біреу білсе, біреу білмейтін. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытында өзіне жүктелген партиялық міндетті бір кісідей атқарған ол, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін өзі жанындай сүйетін жазушылық жолға түсті. Әлбетте, көкірегінде әбден пісіп, хатталып қалған дүниелерді жазғандықтан, аз жылда бірнеше романдар мен повестердің авторы атанды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халқымыздың қанатты сөзін өміріне ұстаным қылған кейіпкеріміздің романдары мен повестері – өз өмірінен алынған шындыққа құрылған дүниелер. Мәселен, алғашқы романдарының бірі «Жанкешу» романын алайық. Екінші Дүниежүзілік соғыс, майдан мен тыл тақырыбына жазылған туындының идеясы – жас ұрпақты туған жерін сүюге, еңбек адамдарын қадірлеуге, ата-ананы сыйлауға, үлкендерге сыйластықпен қарауға баулу. Романның бас кейіпкері – Мархабат ана мен оның ұлы Шалқар. Мархабат ананың отағасы соғысқа аттанғанда қолында қалған бір жасар Шалқарын адамасыл етіп, жеткізу жолында көрмейтін азабы мен бейнеті жоқ. Әкесі соғыстан оралмаған Шалқар «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, анасының өзіне артқан сенімін ақтайды. 

Ал, қайнысы Батырханның соғыстан оралған күні Мархабат ана үшін өлгені тіріліп, өшкені жанған күн еді. Бір жылап, бір күлген анасының қуанышын бөліскен Шалқардың ағаның алақанының жылуын сезінуі, әкесін көргендей болып, қуануы да оқырманды ғажайып әсерге бөлейді. Қарапайым қазақ әйелінің ұлылығы, соғысқа кеткен жарына адалдығын сақтап, арын таптатпауы үшін күресуі, майданда жоқ болып кеткен азаматының соңында қалған бауырына жеңге ғана емес, туған анасындай болып қамқорлық көрсетуі – тек қазақ халқына ғана тән ұлттық психология. Осыны жазушы өте шебер бедерлеген. Туындының желісі өмірде болған оқиғаларға құрылған. Өмірде тек азап пен бейнет, қайғы ғана емес, қуаныш пен жақсылықтың да болатынын, қайғы мен шаттық кезектесіп отыратынын оқырманға нанымды жеткізген. Өмірзақ Қажымғалиұлының «Жанкешу» романы – соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналарға, қариялар мен жасөспірім балаларға сөзбен соғылған ескерткіш.

Ал, «Кемел» романы – «Жанкешудің» заңды жалғасы. Күні кешегі әкесінен қара қағаз келген кішкене Шалқардың азамат қатарына қосылуы оқырманды шыншылдығымен сүйсіндіреді. Алдынан шыққан кедергілерді өзінің еңбегімен, білімімен, ақылымен жеңе білген Шалқардың үлкен қоғам қайраткері қатарына қосылуы оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Қарапайым ғана қазақ жігітінің алған асуы, шыққан белесі әр адамға позитив сыйлайтыны да рас.

Романда соғыстан кейінгі алпысыншы жылдардағы жастардың өмірі, оқу-білімге ұмтылысы да сәтті бейнеленген. Ел еңсесін жаңа-жаңа көтеріп, соғыста қаза болған арыстарының қайғысын ұмыта қоймаған, бірақ, «ат тұяғын тай басар» деп олардың соңында қалған тұяқтарына үмітпен қараған кезең еді ол. «Орнында бар оңалар» дегендей, күні кеше қара қағаз келіп, шаңырағы ортасына түсіп, қабырғасы қайғыдан сөгіліп, қаусап қалған елдің енді-енді ғана басын көтеріп, «жұтаған шүкірге тоймас» деген тәмсілді талғажау қылған тұсы жазушының қаламында сәтті суреттелген. Сол бір майдан даласында қалған арыстардың өмірін жалғастырған ұл-қыздары өсіп, өніп, білім алып, елге қайта оралып, Мұқағалиша айтқанда қисайған «шаңырағына уық болып қадалған» шақтағы алдынан шыққан тосқауылдарды, бөгеттерді жастық жалынмен бұзып-жарған бас кейіпкердің өмірге ұмтылысы, өмірге ғашықтығы оқырманды да алға сүйрейді, үміт шырағын жағуына көмектеседі. Бас кейіпкер Шалқар мен Самалдың адал да пәк сезімі, бақытты отбасында тәрбиеленген ұл-қыздардың аяқ алысы, мақсаттары мен армандары шындық өмірмен астасып кеткендігімен құнды. Қатардағы зоотехниктен ұжымшар басшысына дейін көтерілген ол Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген тұста Елбасымен де кездесіп, тілдесу бақытына ие болады. Тақырыбы – соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, ауылшаруашылығын дамыту болса, идеясы – жастарды адал махаббатқа, достық пен жолдастыққа, шыншылдыққа үндеу.

Өмірзақ Қажымғалиевтің романдарымен қатар, повестері де бар. Мәселен, «Дариға, дәурен» повесі өз өміріндегі шындықты паш етсе, «Кемер» хикаятында да өмірде кездесетін алуан түрлі тағдыр иелері оқырмандармен қауышады. Жазушының шығармаларының құндылығы – жазған дүниелерінің астарында өмір шындығының қамтылуы. Кейіпкерлерінің бәрі де – өзімізбен қатар өмір сүріп, бірде сүрініп, бірде тұрып, тағдыр соққыларына мойымай алға жүріп, сол арқылы маңайына шуақ шашатын жандар. Әлбетте, өмірде тек жақсылықтар ғана емес, зұлымдықтар да, опасыздықтар да болады. Бұндай жағдайлар да жазушы назарынан тыс қалмаған. Кеше ғана дос болып, бір төсекте жатып сыр айтып, бір дастарханнан ас ішкен жанның теріс айналып кетуі, қиналғанда сатқындық жасауы да өте нанымды дәлелдермен нақышталған. Бірақ, соның бәрі де өмір деген үлкен өзеннің ағысы екенін жазушы философиялық толғаммен тұжырымдап тұрғандай.

  • Өлке шежірешісі

Ол өлкетануға да бір кісідей үлесін қосты. Ауылшаруашылығының жүгін арқалай жүріп, ел ішіндегі қариялардан естіген әр сөзді қойындәптеріне жазып қоятын. Жолы түссе сол кездегі руханият пен мәдениеттің астанасы болған ару қала Алматыға аттанатын. Абыз Әбу Сәрсенбаев оны баласындай жақсы көрді. Рухани ортаны аңсап Алматыға келген кезінде үнемі Әбу ақсақалға сәлем беріп, арқа-жарқа әңгімелесіп, бір жасап қалатын. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің шаңырағы да ол үшін киелі, қасиетті мекен. Алматыға жолы түссе, сол үйлерге барып, елдің сәлемін жеткізеді. Жұмекен ағаның жары қазақтың аяулы қызы Нәсіп Мұстахова апай елден барған әрбір жылы лебізге елеңдеп, шөлдеп отыратын. Сол уақыттарда елде өткен абыздар мен әулиелер, атақты адамдар туралы әңгіме қозғалмай қалмайтын. Естігендері мен көргендерін түйіп жүрген ол Тәуелсіздік тұғырға қонған тұста қазаққа еңбегі бір кісідей сіңген әкім Мақаш Бекмұхамедұлы туралы да қалам тартты. Өзі басқарып отырған «Коммунизм жолы» ұжымшарының атын «Мақаш атындағы кооператив» етіп өзгертті. Бұл – үлкен ерлік еді сол кезде. Мақаш ауылындағы орта мектепке халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың атын бергізіп, білім ордасының алдына ақын ескерткішін орнатуды қолға алды.

Туған жердің төсіндегі әрбір тастың да тарихы бар екенін жас ұрпаққа ескертіп, әрбір атаудың өз ерекшелігі бар екенін өзінің жазбалары арқылы дәлелдеген адам. Мұхамед-Салық Бабажанов туралы қалам тербеп, өмірден арманда кеткен ағартушының сіңірген еңбегі мен елі үшін атқарған қызметін архивтерде сағаттап отырып анықтап жазғаны кез-келген тарихшының қолынан келмейтіні тағы рас.

Біздің кейіпкеріміз – өз өмірін өзі жасаған тұлға. Кем дүниеге жасымай, кеңдігімен көңілдерді қуантып жүруді өміріне нысана еткен ол бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының Құрманғазы аудандық бөлімшесінің басшысы. Қай кезде де сөзін іспен дәлелдеуді мұрат санайтын Өмірзақ Қажымғалиев – бүкіл қазақты өзінің бауыры деп санайтын, ұлтының болашағы үшін уайым жеп, жеткен жетістігі үшін шын жүрегімен қуанатын жан.

Бір қазақтың баласының көкірегінен кішкене ғана сәуле көрсе, өнердің ұшқынын сезсе сол баланы жетелеп жүріп, қатарға қосып жіберуге құлшынып тұратын қасиеті де өзі өмір бойы үлгі тұтып, жүрегінде қастерлеген ата-анасынан дарыған болса керек. Әйтеуір, алға жүрем деген ұлды қолынан жетелеп, алға тартпаса, кеудесінен итерген кезі болған емес. Содан шығар, бүкіл айналасы құрметтеп, абыз ағаның аузынан шыққан бір ауыз сөзді қалт жібермей, орындауға тырысып отыратыны. Елдің құрметінен асқан құрмет болған ба, сірә?! Бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп отырған жазушы Құрманғазы ауданының үш томдық энциклопедиясын шығаруды қолға алыпты. «Кезінде абыз қариялардан естігенімізді, көрген-білгенімізді кітап бетіне түсіріп, ұрпаққа қалдырып кетпесек, кім болғанымыз?» дейді ол күлімсіреп. Лайым, елге береріңіз көп болғай!

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз