Жер – халықтың игілігі: учаске мәселелері қалай шешілуде?
Көптің көкейіндегі сан сауалға жауап беруді көздейтін «Сұрақ-жауап» айдарының кезекті спикері – «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Дастан Жарлықасымов. Ол редакцияға оқырмандардан түскен жылжымайтын мүлік, жер учаскесіне қатысты бірқатар сауалға жауап берді.
–Жер учаскесіне электронды түрде өтініш беруге бола ма?
– Әрине, болады. Жер учаскесін алуға өтініш беру үшін алдымен «Электрондық үкімет» порталында жеке электрондық кілт арқылы өтініш беріледі. «Жария кадастрлық карта» сайтына кіру арқылы өтініштің тіркелгенін, яғни кезек нөмірін көруге болады. Өтініш жергілікті атқарушы органға түскеннен кейін, жердің жоспары дайындалып, монополиялық ұйымдармен келісіліп шешім шығады.Содан кейін, жер учаскесіне кадастрлық паспорт жасақталады.
–Бүгінде қанша адам жер учаскесін онлайн алу туралы өтініш білдірді?
– «БМЖМК» АҚ-ғы мәліметке сәйкес, 2023 жылдың қазан айынан бері 1000-нан аса адам өтініш білдірген.
–Тұрғын үй құрылысын аяқтағаннан кейін жылжымайтын мүлікке кадастрлық төлқұжат алу қажет пе?
–Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін құқық иесі «мүлікті өз бетінше қабылдау актісін жасайды және «БМЖМК» АҚ-не енгізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініш береді. Құқық белгілеуші құжатта қамтылған сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің жаңадан құрылған жылжымайтын мүліктің техникалық алшақтықтарын анықтау және белгілеу мақсатында құқық иесі тіркеуші органға осындай кадастрлық паспорт жасақтауға өтініш беруге құқылы, оның нәтижелері бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ресімделеді.
Алшақтықтарды анықтау жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша жүргізіледі.
–Құқық иесі өзгерген кезде кадастрлық паспортты ауыстыру қажет пе?
–Жылжымайтын мүліктің иесі ауысқан кезде құжатты ауыстыру талап етілмейді, жылжымайтын мүліктің кадастрлық паспорты заңды күшін сақтайды, өйткені ол негізгі немесе қосалқы объектінің техникалық және сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат болып табылады.
–Жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспортты дайындау қанша уақытты алады?
–Жылжымайтын мүлік объектілерінің кадастрлық паспортын және жылжымайтын мүлік объектісінің түріне байланысты жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындылары бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытындыны беру:
- Пәтерлер, жатақханалардағы бөлмелер үшінші жұмыс күні беріледі;
- Жеке тұрғын үйлер, жеке гараждар, саяжай құрылыстары бесінші жұмыс күні беріледі;
- Жалпы ауданы 1000 шаршы метрге дейінгі қалған жылжымайтын мүлік объектілері жетінші жұмыс күні беріледі;
- Жалпы ауданы 1000 шаршы метрден асатын объектілер оныншы жұмыс күні беріледі;
- Бірінші күрделілік санатына жататын осы тармақшаның екі және үш абзацтарында көрсетілген жылжымайтын мүлік объектілерін қоспағанда, жылжымайтын мүлік объектілері бесінші жұмыс күні беріледі.
Дайындаған Бек АЙДАРӘЛИ