Жылыой ауданында шахматтан турнир өтті
Жылыой ауданында Тәуелсіздік күніне орай шахматтан ашық турнир өтті. Ұйымдастырушылар — «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен Г.Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
-Бұл турнир Құлсары қаласында екінші жыл өтіп жатыр және балаларымыздың дамуына өз үлесін қосуда. Оны ұйымдастырған «Теңізшевройл» компаниясына алғыс айта отырып, балалардың білім алуына, жан-жақты дамуына атсалысқан ата-аналардың да еңбегін атап өткіміз келеді, — деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Турнирге 100-ден астам адам қатысты. Ережеге сәйкес, 10 жастан бастап балалар және 17 жастан бастап ересектер қатыса алады. Швейцариялық жүйе бойынша ойын 7 турдан тұрды. Бас төреші – шахмат федерациясының вице-президенті, облысқа белгілі шахматшы, жастар арасындағы Азия вице-чемпионы және шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионы титулының иегері Жәнібек Аманов.
- Біз ТШО-мен турнирлер ұйымдастыруда бірінші жыл серіктес болып отырған жоқпыз. Ал өзім Құлсарыдағы ойынға 3-ші рет төреші болып отырмын. Турнирлер жоғары деңгейде өтіп жатыр. Дәл осындай турнирлерде жас қатысушылардың жетістіктерін байқауға болады. Әр ойын сайын олардың деңгейі өсіп келеді. Осылайша біз Жылыой ауданында шахматты дамытуға көмектесеміз деп сенемін, — деді Ж.Аманов.
Турнир әртүрлі жастағы қатысушылардың басын қосты — ең кішісі 10 жаста, ал ең үлкені 80 жаста. Мұнда жаңадан келгендер аз емес. Айталық аудан тұрғыны Серік Ысқақов пен оның ұлдары үшін бұл бірінші ойын.
-Мен шахматты бала кезімнен жақсы көремін, бірақ оны кәсіби түрде ойнауға мүмкіндік болмады. Бұл стратегиялық ойындарға деген сүйіспеншілік менің балаларыма да берілді. Үлкені Даниял 17 жаста, ол өз колледжінде жүлделі орындарды иеленіп жүр, ал Али шахмат әлемімен бір жыл бұрын ғана танысқан және бұл біздің онымен бірінші турниріміз. Бүгін ол «жеңіске деген ерік-жігері үшін» марапатымен атап өтілді және бұл оның алғашқы шағын жеңісі. Ойыншылар мықты жиналды,- деді ол.
Турнирдегі біріншілік барлық ойындарда жиналған ең көп ұпай саны бойынша анықталды. Нәтижесінде Қалыбай Қуанышев абсолютті чемпион атанды, ардагерлер арасында 1 орынды Қамбар Сейітов алды, ал әйелдер арасында біріншілік Толқын Ұзақбаеваға бұйырды. Балаларға келсек, 17 жасқа дейінгі ұлдар арасында бірінші орынды Жалғас Әділет, қыздар арасында Айзада Сүлеймен иеленді. Сонымен қатар, ең тәжірибелі ойыншы ретінде Қарақат Шынбек және болашағынан үміт күттіретін ойыншы ретінде Айшабибі Кенжебайқызы марапатталды.