
Жастарға жігер сыйлады
Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Чемпиондық рух» атты кең ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Жиын Атырау облысы полиция департаменті мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп өткізді.

Алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтар бокс, таэквондо, дзюдо және каратэ спорт түрлері бойынша өткізілген жарқын көрсетілімдерді тамашалады. Кәсіби спортшылар мен жасөспірім атлеттер өз өнерлерін ортаға салып, күш, шеберлік, ептілік пен жеңіске деген ерік-жігерлерін паш етті. Жиналған көпшілік олардың әр қимылынан қуат алып, спорттың рухани күш екенін сезінді.
Іс-шара аясында облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев сөз сөйлеп, мұндай игі бастамалардың жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Бұл – жастарды спортқа баулып қана қоймай, оларды зиянды әдеттерден, есірткіден алшақ ұстайтын нақты қадам. Шара облыстық полиция департаменті жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңестің бастамасымен жүзеге асып отыр. Сондықтан мұндай жобалар қоғам үшін өте маңызды, – деді халық қалаулысы.
Спорттық дода соңында балалар мен жасөспірімдерге арналған жалпы дене шынықтыру жаттығулары өткізілді. Балдырғандар жаттықтырушылардың қимылдарын ерекше ынтамен қайталап, спорт әлеміне бір қадам жақындай түсті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН