Жақсылық Байсариев, бас бапкер: «Атырау» чемпиондар лигасына дайын»
Бүгін түнде «Атырау» футзал клубы чемпиондар лигасындағы алғашқы кездесуін өткізеді.
Кіл мықтылар сынға түсетін тарихи додаға қаншалықты дайынбыз? Сол жайында білмек болып клубтың бас жаттықтырушысы Жақсылық Байсариевпен сұхбаттасқан едік.
— Жақсылық Болатұлы, бүгін көптен күткен чемпиондар лигасының алғашқы матчы өтеді. Құрамада қандай өзгеріс бар?
— Былтырғыға қарағанда құрама сапында біраз өзгеріс болды. Көптеген ойыншыларымыз басқа командаға ауысқанымен, олардың орны тәжірибелі футзалшылармен толықты. Атап айтсақ, осыған дейін «Ақтөбе» клубында ойнаған Португалияның бірнеше дүркін чемпионы, чемпиондар лигасының жеңімпазы Деоны, чемпиондар лигасының екі дүркін қола жүлдегері, Ресейдің бес дүркін чемпионы Александр Фукинді, беларуссиялық қорғаушы Илья Казак секілді ойыншыларды алдық.
— Ойын мәнері де жаңарған шығар?
— Әрине, тактикаларымызға да біраз өзгерістер енгіздік. Мысалы, бұрын әр шабуылымызды бағана (столб дейміз ғой) арқылы өрбітетінбіз. Ол үшін екі төрттікте де бір-бірден бағана рөлін атқаратын қос ойыншы болған. Ал, қазіргі схемамыз – 4:0 деп аталады. Бұл жерде футболшылар пас беріп, тез орын ауыстыруға тырысады. Жалпы 6 схемамен жұмыс жасаймыз. Тактиканы әр ойын сайын жетілдіре түсеміз. Стандарттар сәтінде, допты жақсы ұтайтын командалармен тартыс кезінде қорғану тәсілі, қарсыласты күтіп алу секілді әдістерді меңгердік. Жігіттер ол үшін біраз тер төкті. Мәскеуде оқу-жаттығу жиындарын, мықты командалармен жолдастық кездесулер өткіздік. Қысқасы бәрі ойдағыдай деуге болады.
— Чемпиондар лигасында әлсіз команда болмайтыны белгілі. Тобымызда былтырғы чемпиондар лигасының жеңімпазы Португалияның «Спортингі» бар. Басқалары да осал емес шығар?
— Иә, мұнда қай қарсылас та оңай шағылар жаңғақ емес. Словенияның «Добовец» клубы ойыншыларының ірілігімен ерекшеле. Олар 3:1 схемасымен әр квартетіне ірі денелі бір ойыншыны қосып, шабуылдарын солар арқылы аяқтайды. Оның бәрін зерттеп, командамызға атқаратын қызметтерін түсіндірдім.
— Мысалы, осы «Добовецке» қарсы қандай тәсіл қолдануға болады?
— Оларға қарсы біз өте жылдам ойнауымыз керек. Оған мүмкіндік те жоқ емес. Олай дейтінім, командамызда Жомарт Тоқаев, Дэо, Эвертон, Талап Есениязов, Александр Фукин секілді жылдам ойыншылар бар. Солар арқылы ойнауға тырысамыз. Словениялық клубтың кейбір ойыншыларының шабуылдан кейін өз алаңдарына қайтарда кезде баяу қимылдайтынын байқадық. Осы ұрымтал сәтті пайдалануымыз керек. Допты тартып алып, лезде қарымта шабуылға көшуге бейімдері де бар екен. Егер олар солай әрекет етсе, біздің оған қарсы қақпанымыз дайын.
— Қалай ойлайсыз, бұл әдіс-тәсіл азуын айға білеген «Спортинге» жүре ме?
— «Спортингтің» мықтылығына сөз жоқ. Соңғы бес жылда чемпиондар лигасын екі рет ұтқан бұл клуб сапында биылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Сондықтан оларға біз өз ойынымызды көрсетеміз. Өйткені, бастысы, психологиялық жағынан жеңілмеуіміз керек. Олардың бір ерекшелігі – стандарттық жағдайлардан көп гол соғатындығы. Бірақ, біз оған мүмкіндік бермеуге тырысамыз. Ал, француздық «Аньер-Вильневке» келсек, ол — жас команда. Сондықтан да ол туралы көп ақпарат жоқ.
— Қалай дегенде де топтық кезеңнен өтуге тырысамыз дейсіз ғой?
— Әлбетте. Бұл – спорт. Онда түрлі нәтиже тіркелуі мүмкін. Тосынсыйлар да болып жатады. Мысалы, әйгілі «Спортингтің» ірі чемпионаттан олжа салған ойыншылары бізді бағаламауы да мүмкін. Өйткені, бір турнирден келесісіне пихологиялық жағынан ауысу оңай емес. Бірақ, ол бізге тиімді.
— Әңгімеңізге рақмет, сәттілік серік болсын!
Сұхбаттасқан
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ