ВЕЛОШАБАНДОЗДАР ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Сенбі күні Атырауда велошеру ұйымдастырылды. Оған қала қонақтары мен атыраулық велошабандоздар қатысты. Байқағанымыздай, шараға атсалысқандардың арасында шетелдік азаматтар да болды.

– Бұл шараның басты мақсаты – велосипед спортын кеңінен дамыту, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, аталған спортты насихаттау. Адамдар қала ішінде неғұрлым велосипед арқылы көбірек қатынаса, көліктер қозғалысы да азаяды. Бұл – ауамыз тазарып, халық денсаулығы мықты болады деген сөз. Соңғы жылдары Қазақстанда велоспорт қарқынды дамуда. Алайда, Атырау облысында ол кенже қалып қойғаны жасырын емес. Кезіндегі велоспорт үйірмесі де жабылып қалды. Енді кері ашуды қолға алу керек. Болашақта жол бойында велосипедпен жүруге арналған жолдар жасау да жоспарда бар, – дейді Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Айтқалиев.
Атырауда велошеру ұйымдастыру идеясын көтерген – Нұрлан Есмұханов пен Алевтина Байнакова. Олар оны іске асыруда біраз жұмыстар атқарды.
– Өткен жылы урбанистер қауымдастығы құрылғалы бері қала бойынша екі рет велошеру ұйымдастырған болатынбыз. Осы жолы да бастамамызды қала басшылары қолдап, бізге көмектерін аямады. Велошеру әзірге 15 шақырым жерді қамтыды. Салауатты өмір салтын ұстанған велошабандоздар облыстық әкімдік алдындағы алаңнан бастап қала ішіндегі негізгі көшелерді жүріп өтті. Шерудің мәре сызығы да аталған алаң болды. Есебіміз бойынша, шараға 18-40 жас аралығындағы 300-ге жуық адам тартылды. Тіпті көршілес Ақтөбе облысынан шараға қатысуға арнайы келгендер де болды, – дейді ұйымдастырушылар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз