СӘБИ КҮЛКІСІ БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ

 Балалардың құқын қорғау – маңызды міндет. Бұл - дүние жүзі бойынша өзекті мәселенің бірі. Халықаралық еңбек ұйымы 2002 жылы тұңғыш рет дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күнін бекіткен еді. Бұл бастаманы біздің ел ТМД-да алғаш болып қолдады. Атырау облыстық балалардың құқын қорғау департаментінде де осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әр жыл сайын дәстүрлі түрде маусым айының 1-12-сі аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты республикалық Ұлттық Ақпараттық компаниясы шеңберінде акция өткізілмек.
Биылғы жылы акция «Бала – үй қызметшісі емес!» деген ұранмен өтеді.

Аталған акция шеңберінде республиканың барлық өңірлерінде мүдделі органдар және үкіметтік емес ұйымдар, жұмыс берушілер мен бала еңбегін қанаудың профилактикасы, оның алдын алу мәселелері бойынша бірлескен жұмыс ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, жұртшылықты бала еңбегінің ең нашар түрлері жөнінде хабардар ету, «дөңгелек үстелдер» мен конференциялар, балалардың суреттер, шығармалар конкурсы, театрлық көріністер, пікірталастар, мемлекеттік және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізу, еңбектің ең нашар түрлеріне тартылған балалар туралы сенім телефондары арқылы ақпарат беру жөнінде жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізеді.
Облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Алпамыс Ғилымовтың айтуынша, бала еңбегі көбіне асханада, машина жууда, жүк тасуда, далалықта, фермерлік шаруашылықтарына тартылып жатады. Бұл жерлерде жұмыс жасап жүрген мектеп оқушыларын анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Көше», «Жасөспірім» акцияларының жұмыстары күшейтілді. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу», «Балалар түнгі қалада» және «Бала еңбегін болдырмау» бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, қалалық ішкі істер басқармасының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесі, қалалық прокуратура, «Нұр Отан» ХДП өкілдерімен бірлесіп өткен жылғы рейд кезінде Еңбек заңнамасын бұза отырып, еңбекпен қамтылған 13 кәмелетке толмағандар анықталды. Олардан түсініктеме алынып, профилактикалық сұхбат жүргізіліп, ата-аналарынан қолхат алынды. Жұмыс беруші көңіл көтеру орындарының меңгерушілерінен түсініктеме алынып, ҚР ӘҚБК-нің 112-1 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттары заңды шешім қабылдау мақсатында облыстық Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне жолданды.
– Өткен оқу жылының басынан бері жалпы білім беретін мектептердегі 198 мектептің ішіндегі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 245 және аз қамтылған 8404, көпбалалы отбасының 14550 оқушысына республикалық «Қамқорлық» және «Мектепке жол» акциясы кезінде қамқорлықтар көрсетіліп, сабаққа қажетті құралдармен және киім-кешектермен қамтамасыз етілді, – дейді облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің бас маманы Әлия Борисқызы.
Қоғамда бала еңбегін пайдалануды болдырмаудың алдын алу үшін әдістемелік көмек көрсету және мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынасты орнату үшін алдағы уақытта жұртшылық аталған департаментпен тығыз байланыста бола алады. Бала еңбегін пайдалану жағдайларын анықтау үшін департаментте «Сенім» телефоны мен «Сенің шешімің» қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, Департаменттің «Сенім» телефоны – 27 24 53 және www.bala-atyrau.kz веб-сайты қызмет етуде.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз