
«Ұлттық спорт» күні ерекше әсер сыйлады
Атыраулықтар Наурыз мерекесін атап өтуге арналған Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз — «Ұлттық спорт» күнін атап өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралар облыс орталығында ғана емес аудан орталықтарында өтіп, бірқатар бұқаралық іс-шара жүзеге асты.

Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратынын айтады.
«Исатай-Махамбет» орталық алаңында қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерімен қатар, ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде арқан тарту, бұқа тартыс, қой көтеру, ләңгі тебу, қол күресі ойындары да көптің қызығушылығын арттырды.

Орталық алаңға 2 мыңға жуық көрермен мен қатысушылар жиналып, мерекенің жарқын сәттеріне куә болды.
Көрермендер ұлттық спорт түрлері мен ойындармен қатар, қолөнер шеберлерінің бұйымдарына, ұлттық киімдегі батырлар мен бүркітшілерді тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Іс-шара барысында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов, Ұлттық спорт түрлері спорттық клубының директоры Асылбек Қалиев сөз алып, сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қомақты ақшалай жүлделермен марапаттады.

Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар әуезді әндерін орындап, көрерменге ұмытылмас күн сыйлады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген А.ҚҰРМАШЕВА