
Түнгі жүгіру өз мәресіне жетті
Мұнайлы астанадағы жексенбі түні ерекше көңіл-күйге толы болды. Қала тұрғындары мен қонақтары асыға күткен Tungi Run түнгі жүгіру жарысы өтіп, жүздеген жас спорт сүйер қауым қатарында өз күшін сынады. Жарыс “Atyrau Jastar Fest-2025” онкүндігі аясында, Жастар күніне орай ұйымдастырылып, қала өміріне жаңа серпін қосты.

Жүгірудің басталуы Ретро-парктен өрбіді. 18 бен 35 жас аралығындағы қыз-жігіттер 3 және 5 шақырымдық қашықтықтарды таңдады. Маршрут қаланың әсем жағалауымен жалғасып, үш шақырымдық қашықтық «Атырау-Ақпарат» ғимаратына дейін, ал бес шақырымдық жол «Атырау» шипажайына дейін жалғасты. Қатысушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін еріктілер және велосипедпен жүрген ұйымдастырушылар қадағалады. Мәреге жеткендердің барлығы арнайы медальдармен марапатталды.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Үздіктер ерлер және әйелдер арасында бөлек анықталды. Бұдан бөлек, қатысушыларға арнайы номинациялар табысталып, барлық тіркелген жүгірушілер арасында брендтік кроссовкалар мен спорттық велосипедтер ойнатылды. Бұл сайыстың қызығын арттырып, қатысушыларға қосымша ынта берді.

Жүгірудің ерекше қонағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Светлана Куделич болды. Ол спортшылармен бірге жаттығу жасап, старт алдындағы көңіл-күйді көтеріп, жарыстың атмосферасын одан әрі қыздырды.

Қатысушылардың айтуынша, Tungi Run-ға қызығушылық аса жоғары болды. Тіркеу басталғаннан кейін небәрі бірнеше сағат ішінде барлық орындар толып, жарысқа қатысу мүмкіндігі шектелген. Бұл жастардың спортқа, белсенді өмір салтына деген ықыласының артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ