«ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ» ТАРТЫСЫ

Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы  Атырау музыка колледжінің 55 жылдығы аясында  «Спорт нашақорлыққа қарсы» ұранымен  өңіріміздегі колледж  студенттері арасында тоғызқұмалақтан жекелей және командалық біріншілік өтті.

 

Тоғызқұмалақ ойынының басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Жастар мен жасөспірімдердің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән беріп, бабаларымыз осы ойынды ойлап тапқаны мәлім. Бірақ, соңғы уақытта бұл ұлттық ойын жоғары дәрежеде насихатталмай жүр. Сондықтан, тоғызқұмалақ ойыншылары арасында түрлі жарыстар ұйымдастырып тұруды әрбір мекеме дағдыға айналдыруы керек секілді. Осы мақсатта біздің оқу орнында өткен жарысқа жастар үлкен қызығушылықпен қатысып, шеберліктерін көрсетті.

Жарыс қорытындысында командалық есепте Атырау политехникалық колледжі жүлделі 1 орынды иеленді. 2 орынға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі ұжымы лайық деп танылса, 3 орыннан Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы  Атырау музыка колледжі көрінді.

Жекелей біріншілікте бірінші, екінші, үшінші тақта бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен Атырау политехникалық колледжі студенті Д.Нұрланов, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжіден қатысқан А.Шораев, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы  Атырау музыка колледжі студенті Д. Шынғалиева жүлделі 1 орынды иеленіп, жеңімпаздар сәйкесті дәрежедегі дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Жасұлан  ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,

дене  тәрбиесі  пәнінің нұсқаушысы,

Атырау  қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз