Тілшіге арналған турнир

whatsapp image 2021 09 21 at 18.09.32 Спорт

Өңірдің төл  мәдениеті пен спорт саласына ерекше еңбек сіңірген журналист, тілшілік өмірінде өзіндік қолтаңбасы мен  мол мұрасын қалдырған Журналистер одағының мүшесі, спорт ардагері Нсанғалиев Алтынбек Бұқарзаұлын еске алуға арналған ардагерлер арасындағы футбол турнирі өтті. 

«Мұнайшы» стадионында өткен теңбіл доп турнирінде «Atyrau» және «Мелиоратор» ардагерлер командасы жолдастық кездесу өткізіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алпысты алқымдаған ардагер спортшылар алғашқы таймда белсенді қимылдап, бір-бірінің айып алаңдарында шабуыл жасап, сауатты қорғана білді. Көрермендердің қызу қолдауына ие болған футбол бәсекесінің алғашқы кезеңінде есеп ашылмай, ойын тең аяқталды.

Тыныстап алған футболшылар екінші таймға тас-түйін дайындалып шықты. Нәтижесінде «Atyrau» командасы ойын жоспарын жақсартып, қарсылас командасының қақпасынан саңылау тауып, есепті 1-0-ге жеткізді. Биыл алғаш рет өткізіліп отырған турнирде «Atyrau» командасы жеңімпаз атанды.

Ұйымдастыру алқасының мүшесі Эдуард Хисмитуллиннің айтуынша, алдағы жылы батыс өңірлерінен өтініш білдірген командалар санын көбейтіп, турнирдің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. 

Индер ауданының құрметті азаматы Алтынбек Бұқарзаұлының құрметіне өткізілген футбол турнирінде ардагерлердің татулығы мен ұйымшылдығы жеңді десе де болады. Алтынбек Бұқарзаұлының отбасы турнирді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, командаларға отбасы атынан естелік сыйлықтар табыстады.

Сан тарау өмір жолында Атырау өңірінің спортына елеулі еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырған арда азамат аймақтағы футбол және волейбол командаларының құрылып, қалыптасуында еңбегі сүбелі. 

whatsapp image 2021 09 21 at 18.09.34

Алтынбек Бұқарзаұлы 1955 жылдың 2-інші қаңтарында Индер ауданы, Өрлік ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі мәдениет институтын тәмамдап, Индер ауданында автоклуб және аудандық кинотеатрдың, ұзақ жыл мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Еңбегі жанып Атырау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, кейін басқарма басшысы болып лайықты еңбек етті. Сондай-ақ мемлекеттік салада сан түрлі лауазымды жауапкершілікпен атқарды. Өңір спортына жанашырлық танытып, «Atyray`» облыстық телерадио корпарациясының спорт комментаторы, облыстық «Atyray`» газетінің спорт шолушысы болды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз