
Тегін теннис үйірмесіне қатысушылардың саны артты
Атырау қаласындағы Теннис орталығында тегін үйірмеге қатысатын балалардың саны 200-ге жетті. Бұған дейін тегін шұғылданушылар саны 110 болса, қазір ақылы уақытты азайту арқылы тағы 90 бала осындай сәтке ие болды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мұндай мүмкіндік «Қазақстан теннис федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің АОФ мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы арасындағы келісім негізінде жүзеге асып отыр. Айта кетейік, орталық 2020 жылы 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген.
– Бүгінде біздің жаттықтырушылар құрамында халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандар бар. Бұл балалардың техникасы мен тактикасын кәсіби деңгейде дамытуға үлкен серпін береді. Қазірде орталықта жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген топтарда балалар тегін және ақылы негізде жаттығуда. Оқыту процесіне 7 кәсіби жаттықтырушы тартылған. Олардың ішінде Беларусь пен Өзбекстаннан арнайы шақырылған 2 жаттықтырушы, сондай-ақ 1 инструктор маман жұмыс істейді, — деді орталық жаттықтырушысы Бибіханым Қалидоллақызы.
Орталықтың жас инструктор маманы Дамир Уалиден, тегін үйірме көпбалалы немесе мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққан балаларға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.
— Мен Теннис орталығына алғаш рет 2019 жылы келдім. Содан бері осы спорт түрімен тұрақты түрде айналысып келемін. Тенниспен шұғылданғаныма 6 жыл болды. Бұған дейін облыстық құрамда жаттығып, халықаралық және республикалық турнирлерге қатыстым. Қазір инструктор ретінде балаларға осы жолды көрсетіп, өз тәжірибеммен бөлісіп келемін. Тегін үйірмеге келетін балалар санының көбеюі – өте дұрыс қадам. Біз үшін ең бастысы – олардың қызығушылығын оятып, дамуына қолдау көрсету, — деді ол.
Орталық балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыра бермек.