Жарнама
Спорт

«Тарланнан» шыққан тарландар 

Атырау облысында 2015 жылы «Тарлан» атты қазақ күресінен федерация құрылған. Ол республикалық қауымдастықпен бірге аталмыш спорт түрін дамытып келеді. 

«Федерация құрамында отызға жуық спортшы бар. Олар жасөспірімдер, жастар және ересектер болып бөлінеді. Бәрі де әлем, Азия, ел біріншілігі және басқа да түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері. Командалық есепте де жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да талай жеңістерге қол жеткіземіз деген сенім бар», — дейді аталған федерацияның атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаев.

Иә, «Тарланның» тарландай, арландай жігіттері расымен де зор жетістіктерге жетіп жүр. Солардың бірі – бала кезден қазақ күресімен айналысып жүрген Сұңғат Закарияев.

«Мен Атырау облысы бойынша жастар құрамасында аға жаттықтырушы болып еңбек етемін. Өзім де әлі күнге дейін күресемін. Ел біріншілігінен үшінші орынға ие болдым. 23 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионы атандым, спартакиада есебінде өтетін халықтық ойындарда жеңіске жеттім. Ал 2015 жылы өткен «Еуразия барысында» ел құрамасы сапында жеңімпаз болдым, дәстүрлі Көшпенділер ойындарын жеңдім, «Қазақстан барысының» алғашқы атыраулық қатысушысымын және «Атырау барысымын». Алда әлем және Азия чемпионы болғым келеді», — дейді С.Закарияев.

Сол сияқты, 11 жасынан бері спортты серік еткен Нұрболат Ізімғалиевті де айрықша атап өтуге болады. Ол – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына өткізілген Әлем кубогінің күміс жүлдегері. Жас палуан енді ел чемпионы болғысы келетінін жасырмайды.

Ал, 15 жыл бойы спорттан қол үзбей келе жатқан Бекет Жүніс ел және әлем кубоктарын ұтып алғанын айтады. Алдағы уақытта ел біріншілігінен бірінші орын алып, әлем чемпионатына жолдама алғысы келеді.
Осындай дүлдүл дарындардың артында бапкерлер мен жаттықтырушылардың үлкен еңбегі тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Міне, солардың бірі – Атырау облысы бойынша қазақ күресінен ересектер арасындағы аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев. 

«Қараша айында Ақтау қаласында ересектер санаты бойынша ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен ел біріншілігі өтеді. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Егер осында жақсы нәтиже көрсетсек, алдағы респуликалық және халықаралық жарыстарға жолдама алуға болады. Мәселен, 2024 жылы Көшпенділер ойыны өтеді. Сондай-ақ, әлем, Азия кубоктары ойнатылады. Сондықтан алда атқарар жұмыс көп. Ең мықты деген палуандарымыздың көбісі Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан шыққан. Олар 9-10 сыныпты аяқтап қалаға келеді. Сөйтіп, Аманбай Қыздарбаев секілді жанашыр ағаларымыз оларды жатын орын, тегін біліммен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, жыл сайын екі-үшеуден спорт шеберлері мен жаңа чемпиондар шығып жатыр» , — деді жаттықтырушы.

 Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button