Жарнама
Спорт

Сырбаз Парижге бара ала ма?

Еркін күрестен ересектер арасында Азия чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, бұдан өзге де талай байрақты бәсекелердің жүлдегері атанған Индер ауданының тумасы Сырбаз Талғат  жуырда Түркия елінде Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін әлемдік деңгейдегі лицензиялық жарысқа қатысады. Мамандардың айтуынша, еркін күрес шеберлері үшін Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын соңғы жарыс осы ғана екен. Демек Сырбазға зор сенім артылып отыр.

Осындай сын сағатта атыраулық азулы палуанның жеке бапкері, еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Аслан Жаманбаевқа Сырбаздың қазіргі дайындығы мен қабілет-қарымы туралы аз-кем тілдесудің сәті түскенде бапкерлік болжамын да сұраған едік.

– Асеке, Сырбаздың мамырда өтетін лицензиялық жарысқа дайындығы қалай?

– Сырбаздың Анадолы еліндегі қарсыластары да осал болмайын деп тұр. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген рейтинг бойынша атақтары айға жеткен шеберлер.

Өзі бүгінде Алматыда ұлттық құрама мүшелерімен оқу-жаттығу жиынында жаттығып жатыр. Белдесулердің оңайға соқпайтыны белгілі, десе де барлығы жүлде алуды мақсат тұтып барады ғой.

– Сырбаздың салмағын-дағы шашасына шаң жұқтырмас еркін күрестің шебері Нұрқожа Қайпанов Азия чемпионатында Олимпиадаға жолдама ала алмай қалған соң, оның орнына екінші кезектегі спортшы ретінде Сырбаз бара жатқаны айтылады…

– Иә, Сырбазға өзін көрсететін мүмкіндік туып тұр. Естеріңізде болса, жақында Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында Олимпиада жолдамасы сарапқа салынғанда 74 келі салмақ дәрежесінде еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов жеңілді де, Париж төрінде өтетін төрт жылдықтың басты бәсекесіне бару мүмкіндігін уысынан шығарып алды. Оның үстіне бұл Олимпиадаға жолдама беретін соңғы жарыс.

– Шәкіртіңіздің физикалық-психологиялық дайындығын қалай бағалайсыз?

– Жалпы дайынбыз. Өзіне жақсы таныс үш-төрт басты қарсыласы бар.

Ол жерде әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар. Әлем бойынша бұған дейін Олимпиадаға жолдама ала алмаған спортшылардың барлығы Түркияда күреседі. Ал, Сырбаздың 12 мамыр күні күресетіні белгілі болды.

– Ол жарыста жеңімпаз атанғандар ғана Олимпиадаға бара ма?

– Олимпиадаға алғашқы үштікке ілінген палуандар барады.

Шамамен неше белдесу болады?

– Төрт-бес белдесу болады деп ойлаймын, ол сайысқа келген спортшының санына байланысты. Әзірге жарыстың бағдарламасы белгісіз, келесі аптада шығады деп күтіліп отыр. Жеребе тарту рәсімі жарыс барысында өтеді.

– Сырбаздың тәрбиесімен шұғылданғаныңызға көп болды ма?

– Ол VII сыныпқа дейін Индербор кентіндегі алғашқы бапкері Нәсіпқали Кәукеннің қол астында жаттықты. VIII сыныптан бастап менің қолымда тәрбиеленіп келеді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

*Айтарым бар

Нәсіпқали КӘУКЕН,

С.Талғаттың алғашқы жаттықтырушысы:

– Сырбаз менің қоластымда 2009-2015 жылдар аралығында жаттықты. Сосын Аслан Жаманбаевқа апарып, болашағынан зор үміт күтетін бала екенін айтып тапсырдым. Біздің мектепте күрес секциясы ғана болды. Ол кезде секцияға қатысатын 150-дей баланың 50-і белсенді еді.

Сырбаз – өте еңбекқор бала, жаттығуды ерінбей-жалықпай соңына дейін жасайды. Босаңсып отырып қалу дегенді білмейді. Федерация басшысының өзі хабарласып, Түркияда өтетін жарысқа баруға маған да ұсыныс айтқан болатын. Өйткені, Сырбаздың созылмалы баспасы (ангина) бар, сол өршіп кетпесе екен деп отырмын, әйтпесе қиындық туғызады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button