Студенттеріміз XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындарға қатысады
Қазақстан құрамасы сапында 90 студент-спортшы 11 спорт түрінен Қытайда өтетін XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындарға қатысады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, 27 шілде — 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындар өтеді. Халықаралық спорттық іс-шара Қытайда өтетін үшінші студенттік ойындар, Азияда өтетін он бесінші Дүниежүзілік студенттік ойындар болып табылады.
Студент-спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, семсерлесу, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі, у-шу, оқ ату, садақ ату, дайвинг, су полосы, бадминтон, баскетбол, академиялық есу, үлкен теннис, волейболдан өзара сайысқа түседі. Қазақстандық құрама 11 спорт түрінен қатысады. Ел құрамасы сапында 90 студент өнер көрсетеді, сондай-ақ, делегация құрамында 20 жаттықтырушы, 2 дәрігер, 1 журналист, 3 штаб өкілі бар, барлығы – 116 адам.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының дене шынықтыру мамандығының 3-курс студенті, Қазақстаның үш дүркін чемпионы, Дзюдо күресінен спорт шебері, Жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (Тайланд, Банког) Қаблан Нұрсұлтан (07.07.2003) салтанатты ашылу рәсіміндегі шеруде Қазақстан құрамасының көшін бастап еліміздің жалауын көтеріп шығады.
27 шілде күні 20:00-де (Қытай уақытымен) спортшылар қалашығында мемлекеттік ту көтеру рәсімі, 28 шілде ашылу салтанаты, 8 тамыз жабылу салтанаты өтеді. 27 шілдеде біздің спортшылар садақ ату жарысымен студенттік ойындарды бастайды. Еліміздің құрамасы 26 жоғары оқу орнының студенттерінен құралған.
BAQ.KZ.