Спортты қолдау – болашақты ойлау
Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары 36 спорттық кешеннің құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиев мәлімдеді.
Бүгінде Индер ауданындағы Жарсуат, Көктоғай ауылдарында, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында спорт кешендері, Дамбы ауылында көпфункционалды спорт алаңы, Атырау қаласынан 3 спорт залының құрылысы және Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Облыстағы спорттық-материалдық базаның нығаюы облыс бойынша
спортпен шұғылданушылар санының өсуіне оң әсерін тигізді. Облыс бойынша дене тәрбиесі мен спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар облыс халқының 36,2 пайызын құрады. Бұл республика бойынша жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында облыс бойынша 17 балалар жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 26 түрінен 14 мыңға жуық бала тегін шұғылданады. Үкімет тапсырмасына сәйкес мемлекеттік тапсырыстың жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру әдісі бойынша 640 секция ашылса, оның 202-сі биыл қосылды. Бұл бағдарлама қолға алынғалы 9 мыңнан астам бала секцияларға тартылды, — деді Ілияс Муфтоллаұлы.
Облыста жыл басынан 700-ге жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 90 мыңнан астам облыс тұрғыны қамтылған.
Сондай-ақ, облыс спортшылары әлем чемпионатында 12 медаль, азия чемпионатында 85 медаль, Халықаралық турнирлерде 200 медаль және Қазақстан чемпионаттарында 600-ден астам медаль еншілеген.
Басқарма өкілінен жуырда триатлон спортынан өткен Қазақстан чемпионатында атыраулық спортшылардың қатыспауының себебі, облыста спорттың бұл түрін дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы сұрағанымызда, триатлон спорты облысты жаңадан қарқын алып келе жатқан спорт түрі екендігін айтты.
-Триатлоннан Атырауда өткен чемпионаттың мақсаты осы спорт түрін дамытуды көздеді. Жарысқа еліміздегі мықты спортшылар қатысты. Бұл сайыста жерлестеріміз әуесқой спортшылар ретінде қатысты. Триатлон спортын дамыту мақсатында білікті мамандар шақыртылып, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде триатлон секциясын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Ілияс Шайхиев.
Облыста жоғары жетістікке қол жеткізіп, Қазақстан чемпионаттары мен әлемдік сайыстарда жеңіске жеткен спортшыларға ынталандыру мақсатында 97 спортшы мен 42 жаттықтырушыға ай сайын қаржылай төлемдер төленеді. Бұл спортшыларға үлкен қолдау екендігі сөзсіз.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ