Спорт жанашырлары жүлдегерге пәтер сыйлады
АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА БІР ТОП СПОРТ ЖАНАШЫРЫ, СПОРТШЫЛАР МЕН БАПКЕРЛЕР ДЗЮДО КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНҒАН ӘБИБА ӘБУЖАҚЫНОВА МЕН БАПКЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ.
Басқосуда Атырау қалалық дзюдо федерациясы мен бір топ жанашыр кәсіпкерлер бірлесіп, әлемнің қола жүлдегері Әбибаға Атырау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ал, спортшы қыздың бапкері Мейіржан Есмағамбетовке Атымтай жомарт азаматтар ат мінгізді. Көпшілікке ерекше ризашылығын білдірген Әбиба Әбужақынова алдағы уақытта да тынбай еңбектеніп, мұнайлы өлкенің абыройын асқақтатуға уәде берді.
– Еңбегімді елеп , ерекше құрметпен күтіп алып, үлкен сый жасап жатқаны үшін Атырау халқына алғысым шексіз.
Бұл менің жеңіске деген жігерім мен ел алдындағы жауапкершілігімді еселей түседі , — деді қазақ қыздары арасынан шыққан әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдегері. Сондай — ақ ол алдағы жоспарларымен де бөлісті.
– Желтоқсан айының алғашқы күндері Токиода өтетін Grand Slam турниріне қатысамын. Одан соң Израильде өтетін жарыста бақ сынаймыз. Әзірге жоспарымыз – осы. Биылғы жетістігіме шүкір деймін. Алдағы екі жарыстан да үміттіміз, — деді Әбиба.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ