Жарнама
Спорт

Сирек спорт түрімен айналысатын спортшы 

Атырауда кір тасын көтерумен айналысатын спортшылардың қатарында Досқали Досқалиевтің есімі соңғы екі жылдан бері жиі аталып жүр. Үйінде жаттығу жасап, өз бетімен еңбектеніп жүрген ол 2010 жылдан бастап зілтемірді жатып көтеру спортымен айналысады. 

Осы спорт түрінен жетістіктері де жеткілікті. Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi бір мәрте ел кубогінің иегері, республика чемпионатының екі дүркін жүлдегері атанып үлгерген.

Жуырда әлеуметтік желілерде спортшының Қазақстан кубогіндегі жарқын жеңісінің құрметіне жанында жүрген жора-жолдастары да қуанып, шынайы тілекші екендігін көрсеткен еді. Спортшыға ұлттық нақыштағы шапан жауып, ерекше ықылас танытты.

Халық арасында кең тараған спорт түрінің бірі ­– кір тасын көтеру спорты. Оған кәсіби спортшылармен қатар, әуесқой спортшылардың да қызығушылығы жоғары. Кезінде Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді бұла күштің иелері шойыннан құйылған 16, 24, 32 келілік кір тасын бір қолмен көтеріп, өнер көрсеткен. Қазір кәсіби жарыстарды айтпағанда түрлі шараларда кір тасын көтеруден түрлі сайыстар өткізіліп тұрады. Бұл бұқаралық спортқа деген халықтың ынта-жігерінің ерекше екенін көрсетеді.

Кір тасын көтерумен айналысып жүргеніне санаулы жыл болса да спорт шеберлігіне үміткер Досқали Азия чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері атанған. Тұрақты дайындықтың нәтижесінде ел чемпионаттарында  бір рет күмiс, үш рет қола жүлдеге қол жеткізіп, облыс қоржынына ұпай әкеліп жүр. Ал, биыл қыркүйек айында Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

– Жастайымнан саламатты өмір салтын ұстанамын. Сонда ғана көздеген мақсатыңа жете аласың деп ойлаймын. Менің жетістікке жетуіме жаттықтырушым Сергей Гридчиннің еңбегі зор, бұл спорт түрін 1990-шы жылдан бастап Атырау облысында дамытып келеді. Жарыстарға бару үшін үнемі қолдау жасап отырады. Ел құрамасына алынған жерлестеріммен бірге орталық спорт кешенінде дайындалдық. Екі күнге созылған соңғы жарыстан жақсы әсер алдық. Жігіттердің осындай нәтижелеріне қуаныштымын. Спорттың осы түрінен Қазақстанның деңгейі өте жоғары, Ресейден кейін екінші орында. Биыл сәуір айында  кір тасын көтеру спортынан Қытайда өтетін Азия чемпионатында атыраулық үш спортшы ел құрамасының сапында өнер көрсетеміз. Дене шынықтыру және спорт басқармасы да жарыстарға барып-келуге қаражат бөлiп тұрады, — дейді ол.

Досқалидың ерік-жігері әкенің қаны мен ананың сүті арқылы сіңген. Қан майданда от пен оқтың ортасында болған әкесі Раушан Досқалиевтің әскери шені – ефрейтор, бұдан сегіз жыл бұрын дүние салыпты. Анасы Айғаным Қуаналиева сегіз баланы дүниеге әкеліп, оларды өсіріп-жеткізген «Алтын алқа» иегері. Ал, спортшыдан аты мен тегінің ұқсастығының сырын сұрағанымызда өз ныспысы атасының құрметіне қойылғанын айтты.

Облыс бойынша кір тасын көтеруден тұрақты жаттығып, жарыстарға қатысып жүрген спортшының саны алты-жетіден аспайды екен. Олар бірге жаттығып, жарыстарға да бірге барады. Көпшілігі ауданнан келеді. Қарапайым да жайдары мінезді Досқали кір тастары мен зілтемірді үйіне алып, өз бетінше жаттығады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button