Шахматтан қалалық ашық турнир өтті
Атырау қаласының 382 жылдығына орай өткізілген шаралардың бірі — шахматтан қала әкімі кубогының жүлдесіне арналған ашық турнир. Зияткерлік ойынға екі жүзден астам қатысушы бақ пен бап сынауға ниет білдірсе, соның 150-ден астамы финалдық кезеңге шықты. Олардың қатарында 13 жасқа дейінгі қыздар арасында екі дүркін әлем чемпионы Зарина Нұрғалиева, халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегері Абзал Әмірәлі бар. Сондай-ақ, қалалық ашық турнирге ардагерлер де қатысып, тартысты ойында өз шеберліктерін көрсетті. Ал, қала әкімінің кубогын Азия чемпионатының жүлдегері Жәнібек Аманов жеңіп алды.
Шахматтан облыстық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, сексеннің сеңгірінен асқан Амангелді Сақтағанов қала әкімі кубогының жүлдесіна арналған ашық туринирге сонау Қызылқоға ауданынан келіпті. Барша атыраулық пен қала қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаған еңбек ардагері орталықтан шалғай болса да, үнемі шаһардың тыныс-тіршілігін ұдайы назарында ұстап отыратынын жеткізді. «Атырау қаласы әкімінің ұйытқы болуымен өңірде атқарылып жатқан игі істер аз емес. Біз «анау жоқ, мынау жоқ»деп жасалған жұмысты кері тартпай, бірлесіп атқаруымыз қажет. Ел дамуына бәріміз үлес қосуымыз қажет. Шындығында, Қызылқоғадан Кубок алайын немесе ақшалай сыйлықты ұтайын деп келмедім. Қазіргі шахматшылармен иық тірестіре сайысқа қатысып, қатарынан көргенімнің өзі үлкен бақыт, мен үшін жеңіспен тең»,-дейді ол.
–Мен бесінші сыныптан бастап шахматпен айналысамын. Қазір зейнеткермін. Соған қарамастан, әлі де шахмат ойнағанды жақсы көремін. Жүздеген шәкірт тәрбиеледік. Қаладағы №19 мектеп-гимназиясында шахмат үйірмесіне жетекшілік еттім. Жалпы, бұл ойын – жас буынның ойлау қабілетін дамытуға оң әсер етеді. Негізі, шахматты білген балалардың математика пәнінен қабілеті жақсара түседі,-дейді сайысқа қатысушы Сатыбалды Көпжасаров.
Ғ. Айдарәлиев атындағы облыстық шахмат федерациясының тете президенті Сабырбай Гайсиннің айтуынша, соңғы жылдары аймақта шахмат спорты өркендеп келеді. Бүгінде облыс орталығында қырықтан астам жеке шахмат клубы болса, онда екі мыңнан астам шәкірт тәрбиеленіп жатыр. «Қала күніне арналған ашық турнирдің орны бөлек. Өйткені, осындай жарыстарда мол тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түседі. Алда үлкен жоспарларымыз көп. Биыл Д. Сәдуақасова академиясының қолдауымен шахматт турнирі өтіп, шетелдің белгілі гроссмейстерлері келді. Келешекте үлкен шахмат клубын ашпақ ойымыз бар. Біздің болашағымыз – білімді, зияткер ұрпақ болса, қала басшылығының облыста шахмат спорт түрін дамытудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Ал, баршамыздың ортақ үйіміз, шаһарымыз әлуеметтік-экономикалық, мәдени, спорт салалары бойынша өркендеп келе жатқанын көріп, біліп отырмыз»,-дейді Сабырбай Гайсин.
Аса қырағылық пен алғырлықты қажет ететін спорт түрінен әр жас бойынша жеңіске жеткен жүлдегерлерге диплом мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Айбөпе САБЫРОВА
Суретті түсірген автор