Серік Шәпкенов атыраулық жас шахматшы Зарина Нұрғалиеваны қабылдады

img 20220922 wa0014 Спорт

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Румынияда өткен Әлем чемпионатында шахматтың «классика» түрінен алтын медаль иегері атанған Зарина Нұрғалиеваны қабылдады. Кездесуге спортшының ата-анасы, жаттықтырушылары мен ұстаздары да шақырылды. Серік Шәпкенов жерлесімізді әлемдік додағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы 13 жастағы Заринаның болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Сонымен қатар осы жылдың қазан айында Индонезияда өтетін Азия чемпионатына қатысуы үшін демеушілік көрсетілетінін айтып, сәттілік тіледі.

⁃ Бәсекеге толы халықаралық сайысқа аттанғаныңызда сізге жанкүйер болдық. Чемпион атанғаныңызда ел болып бірге қуандық. 72 елден қатысқан 100-ге жуық мықтының арасында алғырлығыңызбен дараланып, спорттық шеберлігіңізді танытып, еліміздің атын оздырып, облыстың мерейін үстем еттіңіз. Сіздің бұл жоғары жетістігіңіз жастарға үлгі боларына сенемін. Жеңісті күндеріңіз бен алар асуларыңыз көп болсын! Байрақты бәсекеде көк туымызды желбірете беріңіз! -деді аймақ басшысы.

Зарина Нұрғалиева 72 елден жиналған 96 шахматшының арасында «классика» түрінен алтын жүлдеге ие болды. Ол АҚШ, Канада және Ресей елінің ойыншыларымен тең ойнаса, Үндістан, АҚШ, Польша, Украина, Әзірбайжан, Латвия және Ресей елінің шахматшыларын жеңіп, 11 кезеңде 9 ұпай жинады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз