
Самбодан әлемнің екі дүркін жүлдегері – Ұлттық ұлан сапында
Ел намысын жаһандық додаларда абыроймен қорғаған жас спортшы, самбодан жастар арасындағы әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Мирас Сәбит бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Талай белестерді бағындырған спорт шебері қазір Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет атқаруда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе қаласының тумасы Мирас Сәкенұлы самбо күресімен жеті жасынан бастап айналысады. Осы уақыт ішінде ол тынымсыз еңбектің арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Кипр мен Арменияда өткен әлем чемпионаттарында күміс жүлдеге ие болып, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретті. Сондай-ақ Азия біріншілігі мен Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, спорттағы шеберлігін дәлелдеді.
– Отанды қорғау – әр азаматтың ар-намысына негізделген парызы. Әскери борышымды абыроймен өтеп, алдағы уақытта спорттағы жолымды жалғастырып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап, көк туымызды биікте желбіретемін, — дейді М.Сәбит.
Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан қатарында ел рухын асқақтататын осындай қайсар жастардың қызмет етуі – болашаққа деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.